Ыстық ықылас һәм ыстық палау: Астанада Ташкент мәдениет күндері өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Астанада Ташкент Мәдениет күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Елорда тұрғындары өзбек халқының мәдени бай мұрасымен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Астананың орталық саябағында ойын-сауық және танымдық іс-шаралар тартымды ұйымдастырылып, елордалықтар мен шаһар қонақтары тарапынан жоғары бағалануда. Тұрғындар өздерін құдды бір Ташкентте жүргендей сезініп, екі ел достығының арта беруін тілек етті.

«Өзбекстан мен Қазақстанның тығыз достастығы аясында Астанада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шара өтіп жатыр. Бұл оқиға біздің достығымыз бен ынтымақтастығымыздың жарқын үлгісі болып саналады. Біз қос елдің мәдениеті мен дәстүрінің бай екенін көрсете отырып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға ұмтыламыз», - дейді хокимнің баспасөз хатшысы Гүлноза Қасымова.

Сондай-ақ, Ташкент Мәдениет күні аясында бірнеше бизнес-форум, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық өзбек тағамдарының көрсетілімін ұйымдастырылып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, іс-шара 9 тамызға дейін жалғасады.




