Ыстық су тарифі 6,2% төмендеді: инфляция деңгейі 11,8% құрады

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы маусымда жылдық мәнде инфляция деңгейі 11,8% құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

Инфляция
Фото: Kazinform

2025 жылғы маусымда тұтыну бағаларының айлық индексі баяулай түсіп, 0,8% құрады (2025 жылғы мамырда – 0,9%).

Азық-түлік тауарларының ішінде баға қиярға – 19,5%, қырыққабатқа – 18,1%, қызанаққа – 15%, сарымсаққа – 8,4%, бананға - 3,4%, жұмыртқаға 3% төмендеген. Осы орайда балмұздақ бағасы 1,9% өскен, йогурт – 1,6%, жаңғақ – 1,5%, рулет пен кекстерге – 1,3%, кондитерлік өнімдер мен салқындатылған сусындар – 1%-дан, сарделька бағасы 0,9% қымбаттаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде маусым айында тұрмыстық заттардан электрлі ет тартқыш бағасы 2,5%, үтіктікі 1% өскен.

Стат бюроның дерегінше, тарифтер арасынан ыстық су 6,2% төмендеген. Қызмет көрсету секторында баға фотограф қызметіне 3,3% өскен, салтанатты шаралар өткізетін ұйымдастырушыларда – 2,8%, теледидар жөндеу – 2,4%, тұрғын-үй, жайларды жөндеу және қызмет көрсету – 1,4%, шаштараздар мен сұлулық салондары қызметтері 1,3% жоғарылаған.

Жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 9%, күріш – 8,3%, қияр – 3,5%, сұлы жармасы – 2,5%, кептірілген өрік 2,3% арзандады. Керісінше алмұрт – 11,3%, консервіленген жүгері – 10,8%, жеміс және көкөніс шырындары 10,4% қымбаттаған.

Азық-түлік емес тауарларының ішінде блендер бағасы 7,8% өсті.

2024 жылғы маусыммен салыстырғанда өткен маусым айында кабельдік телевизия қызметтері 2,2% жоғарылаған.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

Еске сала кетейік, Үкімет инфляцияны тежеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірлегенін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар