ІТ саласына қатысты салықтық жеңілдіктер қарастырылатын болады - Байланыс және ақпарат министрі

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні ешқандай да сала мемлекет қолдауынсыз дербес дами алмайды. Бұл ретте ІТ саласындағы салықтық преференциялар мәселесін қозғаған А. Жұмағалиев, алдағы уақытта аталған салаға қатысты салықтық жеңілдіктерді жөнге келтіру шаралары қолға алынатынын жеткізді. «Қазіргі таңда бұл жұмыстар бойынша біршама істер атқарылды. Мәселен, ІТ секторы үшін салықтық амортизациялық есептеулер бойынша келісімге келдік. Атап айтқанда, бұндай амортизациялық мерзімді 6 жылдан 2,5 жылға дейін төмендететін боламыз. Бұдан бөлек, әлеуметтік салықтарға қатысты мәселелер де оң шешімін табатын болады. Мысалы, компанияларда қазақстандық өкілдер саны 90 пайызды құраса оларға әлеуметтік салықтар жеңілдетіледі. Жалпы, салықтық преференциялар тізбегі осымен тоқтап қалмайды, қандай жеңілдіктер болуы тиістігін бүгінгі басқосуда одан әрі талқылайтын боламыз», деді А. Жұмағалиев.
Сонымен бірге, мемлекеттік тапсырысқа тоқталған министр, сапалы қызмет көрсету мәселесі жіті назар аударуды қажет ететінін алға тартты. «Зерде» Ұлттық ақпараттық холдингі дәл осы мәселемен айналысатын болады. Холдинг дәл қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар тарапынан мемлекеттік сатып алу сұраныстарын саралап жатыр. Сосын, барлық сатып алуларды бәсекелестік ортаға, отандық ІТ-компанияларға ұсынады», деді министр.