Италия Албанияда заңсыз мигранттарды қабылдау орталықтарын салады
Италия Албанияда мыңдаған заңсыз мигранттарды орналастыру үшін екі орталық салады. Бұл туралы Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Римде Албания премьер-министрі Эди Рамамен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.
Мелонидің айтуынша, келесі көктемде ашылатын орталықтар жылына 36 мың адамға дейін қабылдай алады.
Бұл италиялық кемелер Жерорта теңізінен құтқарып алған мигранттарға қатысты.
Олар баспанаға өтініштері қаралғанша осы орталықтарда болады. Сонымен қатар Мелони жоспар жүкті әйелдерге, кәмелетке толмаған балаларға және осал топтағы адамдарға қолданылмайтынын айтты.
Құрылысын Италия қаржыландыратын орталықтар ай сайын 3000 адамға дейін қабылдайды. Мигранттар ол жерде баспана туралы өтініштері өңделгенше және қажет болған жағдайда репатриация жасалғанша тұра алады.
Орталықтар Шенджин портында және Албанияның солтүстік-батысындағы Гьядер ауданында салынады. Мигранттардың қауіпсіздігін Албания қамтамасыз етеді.
Мелони Албанияның ЕО-ға кіруін қолдайтынын және «Албания негізінен еуропалық ел» екенін айтты.
Бұған жауап ретінде Албания премьер-министрі Эди Рама Италиямен қарым-қатынасқа жылы лебізін білдіріп, 1990 жылдары коммунистік режим құлағаннан кейін италия тұрғындары мен ұйымдары албандықтарға көмектескенін айтты.
Оңшыл «Ағайынды Италия» партиясын басқаратын Джорджа Мелони миграцияға қарсы көзқарасымен танымал. Премьер-министр болғаннан бері ол заңсыз миграцияны тоқтату шараларын жариялады.
Биыл Италияға 145 мыңнан астам мигрант келді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52 мыңға көп.