Италия Елшісі Қазақстанның бас мүфтиімен кездесті

Дипломат Дінбасына Қазақстандағы Ислам тарихы жайлы зерттеп жүргенін жеткізді. 40 минутқа созылған сұхбатта елші еліміздегі діни ахуал жайлы біліп, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды. Альберто Пиери ұлттар арасында ауызбіршілікті сақтауда, оларды бір мақсатқа жұмылдыруда діннің, Дінбасының рөліне айрықша тоқталды. «Сіз жайлы, Сіздің жұмысыңыз бен діни басқармадағы оңды бастамалар туралы хабардармын. Астанада өткен дін басшыларының құрылтайында жастар жайлы жақсы баяндама жасадыңыз. Дінаралық татулықты арттыруда Сіздің қызметіңіздің маңызы зор. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін», - деді Альберто Пиери.
Бас мүфти елшіні еліміздегі мешіт-медреселердің жұмысы, діни кадр дайындаудағы ілкімді істер жайлы хабардар етіп, игі дәстүрге сай «Ислам - бейбітшілік пен жасампаздық діні» атты кітабын сый етті.