Италия елшісі Миланда өтетін ЕХРО-2015 көрмесіне оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньянмен кездесті.
None
None

Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Италияның ресми өкілі С.Раваньян мырза қос ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылғандығын айта отырып, осы жылдар шінде Италия мен Қазақстанның экономикалық байланыстары қарқын алғандығын мәлімдеді. Қазақстан мен Италия мемлекеттері басшыларының пәрменімен өзара сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі жетілдіру бағытында өндірістік және экономикалық әріптестік пен тәжірибе алмасу жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы құрылып, Қазақстан мен Италияның Іскерлік Кеңесінің негізі қаланғандығын хабарлады. Қол жеткізілген келісімдердің арқасында қос ел арасындағы тауар айналымының көлемі жыл сайын 16 млрд. АҚШ долларынан асып отырғанын айтып, қазақстандық және итальяндық кәсіпкерлер мұнай, пайдалы қазбалар, халық тұтыну тауарлары, өндіріске қажетті машиналар мен құрылғылар, астық өнімдері секілді тауарларды жеткізуде әріптестік орнатқандығына тоқталды. Осы бағытта халқы көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі екендігіне көңіл бөліп, түрлі салаларда кәсіпкерлік жобаларды бірлесе жүзеге асырудың тиімді тұстары жетерлік деп бағалады.

Италия Елшісі биылғы жылдың мамыр айында Милан қаласында ЕХРО-2015 көрмесі өтетінін мәлімдеп, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді осы халықаралық шараға белсене атсалысуға шақырды. Туризм саласында да екі ел кәсіпкерлері бірлесе атқаратын мүмкіндіктерге назар аударды.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Оңтүстік өңірінің экономикалық әлеуетіне жоғары баға берген мәртебелі мейманға алғыс білдірді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен еліміздің инвестициялық ахуалы жылдан-жылға артып отырғандығын жеткізді. Бүгіннің өзінде Қазақстанда итальяндық инвесторлармен бірлесе пайдалы қазбалар, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және техникалар шығару, жеңіл өнеркәсіп, энергетика, құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы тың жобалар табысты іске асып жатқандығын хабарлады. Оңтүстік Қазақстан облысында итальяндық «ItalcementGroup» компаниясы цемент өндіру ісін қолға алғандығын атап өтті. 2013 жылы облыс кәсіпкерлері Еуропа елдеріне роуд-шоу жасап, соның нәтижесінде 12 меморандумға қол жеткізді деп мәлімдеді. Соның ішінде ортақ келісімдердің бірі - «ItalcementGroup» компаниясының цемент зауытын қайта жаңғыртудан өткізу жобасы. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, цемент өндіруде инновациялық нано- және биотехнологияларды қолдану бойынша шаралар қабылданып жатқандығын тілге тиек етті. Облыс әкімі Оңтүстік өңірі инвестиция тартуға қолайлы аймақ екендігін айта отырып, итальяндық кәсіпкерлерді ауылшаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, заманауи құрылыс материалдарын өндіру, ауылшаруашылығына қажетті техникаларды шығару, инновациялық жобаларды іске асыру бағыттарында тың әдістер мен жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Облыс әкімдігі өзара тиімді болатын бастамаларға қолдау көрсетуге қашан да дайын екендігін мәлімдеп, оңтүстікқазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің Миланда өтетін ЕХРО көрмесіне қатысуына барынша қолдау көрсететініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар