Италия курортындағы аспалы жолда апат болып, туристерді тікұшақпен эвакуациялады
АСТАНА. KAZINFORM — Италия Альпілеріндегі Монте Моро асуы маңында орналасқан тау шаңғысы курортында аспалы жолда апат болды, деп хабарлайды Еuronews.
Зардап шеккендер бар. Биіктікте тұрып қалған туристерді тікұшақпен эвакуациялауға тура келді.
Италияның солтүстік-батысындағы Макуньяга аспалы жолында болған апат салдарынан 2 800 метр биіктікте шамамен 100 адам тұрып қалды.
Оқиға сейсенбі күні Пьемонт облысындағы Монте Моро асуы маңындағы тау шаңғысы курортында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде төрт адам зардап шеккен, олар жеңіл жарақат алған.
Бастапқы деректерге сәйкес, сағат 11:25 шамасында кабиналардың бірі жоғары көтеріліп келе жатып, қалыптыдан жылдамырақ қозғалған. Станцияға кірер кезде ол дер кезінде тоқтай алмай, қоршауға соғылған.
Сол сәтте қарсы бағыттан станцияға тағы бір кабина келген, оның ішінде тек жүргізуші болған. Ол да жеңіл жарақат алған.
❌ Macugnaga (VB), intervento #vigilidelfuoco, con @cnsas_official e @GDF, in corso dalle 11:30 per un incidente a due cabine della Funivia Al Moro: feriti il manovratore a valle e 3 dei 15 passeggeri a monte. In azione 2 elicotteri Drago per l’evacuazione di persone bloccate in… pic.twitter.com/6cI1H6RWY4
— Vigili del Fuoco (@vigilidelfuoco) December 30, 2025
Биіктікте 94 турист, оның ішінде балалар, сондай-ақ бес жұмысшы қалып қойған. Оқиға орнына тау-құтқару қызметі, жедел қызмет өкілдері, карабинерлер мен өрт сөндірушілер келіп, адамдарға көмек көрсетіп, эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Оларды тікұшақ арқылы эвакуациялаған, барлық адам аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілді.
— Қазір біз жағдайды бағалап жатырмыз. Алдын ала ақпарат бойынша, вагон станцияға кірер кезде тиісті деңгейде тежелмей, станциядағы тосқауылға соғылған. Ешкім ауыр жарақат алған жоқ, адамдардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. 59 жастағы ер адамның қолы жараланған. Қалғандары жеңіл-желпі жарақат алған, — деп түсіндірді аспалы жолды басқаратын Macugnaga Trasporti e Servizi компаниясының әкімшісі Филиппо Безоцци.
Айта кетейік, Макуньяга аспалы жолы 1962 жылы салынған, ал 2023 жылы өңір мен муниципалитеттің қолдауымен екі миллион еуроға күрделі жөндеуден өтіп, қозғалтқыштары мен кабиналары толық жаңартылған.
Еске салсақ Парижде Еуропадағы ең үлкен аспалы жол іске қосылған еді.