Италия мектептерде бурка мен никаб киюге тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM – Италия премьер-министрі Джорджа Мелони басқаратын үкімет мектептерде бурка мен никаб киюге тыйым салатын жаңа ережелерді мақұлдады, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Торговые ряды в итальянской Болонье
Фото: Antonio Pisacreta/ROPI/picture alliance

Құжатта мектептердегі интеграцияны күшейтуге бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Соның ішінде итальян тілін нашар меңгерген, елге жақында келген шетелдік оқушылардың бір сыныптағы үлесі 30%-дан аспауға тиіс. Егер олардың саны белгіленген мөлшерден көп болса, балалар басқа сыныптар мен мектептерге бөлінеді.

Ал хиджаб киюге тыйым салынбайды.

– Бұл шаралар балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне, барлық оқушыға тең мүмкіндік беруге және «гетто-сыныптардың» қалыптасуына жол бермеуге бағытталған, – деді Джорджа Мелони.

Жаңа талаптар шетелдік оқушылардың ата-аналарына да қатысты. Егер отбасындағы тілдік кедергі баланың оқуына немесе мінез-құлқына қиындық туғызса, ата-аналар итальян тілінің тегін курстарына қатысуға міндетті. Курстан бас тартқандарға 200-ден 1000 еуроға дейін айыппұл қарастырылған.

Италияда бір сыныптағы шетелдік оқушылардың үлесін 30%-бен шектеу талабы 2010 жылдан бері қолданылып келеді. Енді бұл норманың орындалуына бақылау күшейтілмек.

Үкіметтің қаулысы дереу күшіне енеді, алайда оны 60 күн ішінде парламент мақұлдауы қажет. Премьер-министр басқаратын коалиция парламентте көпшілік орынға ие.

Жаңа талаптар елде пікірталас туғызды. Кәсіподақтар мен мұғалімдер шетелдік оқушылар көп тұратын аудандарда балаларды әртүрлі мектептерге бөлу іс жүзінде қиындық тудыруы мүмкін екенін айтып отыр. Педагогтер үкіметтің тілдік қолдауға бөлген 14 млн еуросы жеткіліксіз болуы мүмкін деп есептейді.

Бұған дейін Италия үкіметі көші-қон және тіл саясатын қатаңдатуға бағытталған бірқатар шара қабылдаған. 2025 жылдың қарашасында Мелони Италия соттарының шешімдері мен Еуропалық одақ сотының ұстанымына қарамастан, заңсыз мигранттар мен баспана сұраушыларды Албаниядағы орталықтарға жіберу жалғасатынын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, швед депутаты Еуропарламентте хиджаб киюге тыйым салуды ұсынды.