Италия Миландағы тәртіпсіздіктерге байланысты 500 әскери қызметкерді жұмылдырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Италия үкіметі Миландағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 500 әскери қызметкерді жібермек. Мұндай шешім наразылық білдірушілер полициямен қақтығысып, дүкендерді тонап, ғимараттар мен өзге де мүлікке зиян келтірген жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қабылданды. Бұл туралы Kazinform агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Италия Миландағы тәртіпсіздіктерге байланысты 500 әскери қызметкерді жұмылдырмақ
Фото: UA.NEWS

Әскерилерді жіберу Миландағы қауіпсіздікті күшейту шараларының бір бөлігі болмақ. Бұл мәселені Италия үкіметі сейсенбі күні қарайды. Ал қала орталығындағы дүкендер әдеттегіден ерте жабылып, кәсіпкерлер зорлық-зомбылық қайта өршуі мүмкін деп қауіптеніп, ғимараттардың терезелерін тақтаймен бекітіп жатыр.

Chanel, Tiffany және Dior сияқты брендтер орналасқан Миланның Виа Монтенаполеоне сауда көшесіндегі дүкендердің басым бөлігі сақтық шарасы ретінде витриналарындағы тауарларды алып тастаған. Бұл уақытта полиция көшені патрульдеп, бірнеше турист болып жатқан жағдайды бақылаған.

Алдыңғы демалыс күндері Миланның орталығында негізінен қара киінген, көпшілігі бетін жасырған бірнеше жүз жас витриналарды қиратып, супермаркеттер мен дүкендерді тонаған. Олар қоқыс жәшіктерін, велосипедтер мен көше жиһаздарын төңкеріп, полиция қызметкерлеріне түрлі зат лақтырған.

Зардап шеккен нысандардың қатарында Carrefour супермаркеті, Under Armour, Levi’s, Decathlon дүкендері және Rinascente әмбебап дүкені бар.

Levi’s, Under Armour және Decathlon брендтері дүкен витриналарын картон мен ағаш панельдер арқылы жауып тастаған.

Келесі жылы ұлттық сайлау өтетін Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони зорлық-зомбылықты айыптап, дүйсенбіде министрлермен және күштік құрылымдар басшыларымен кездесіп, жағдайды талқылады.

Corriere della Sera газетінің хабарлауынша, Мелони қылмысқа қарсы күрес шаралары аясында кәмелетке толмағандарды алдын ала қамауда ұстау мерзімін ұзарту, жастар бандаларымен күресті күшейту және парламентте қаралып жатқан қауіпсіздік туралы заң жобасының кейбір нормаларын қолданысқа енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Италияда алдыңғы аптада өмір сүру құнының өсуі мен мемлекеттік қызметтер сапасының нашарлауына байланысты басталған наразылықтар тонау мен жаппай қиратуға ұласқан.

Италия полициясының мәліметінше, жексенбі күні Миландағы тәртіпсіздіктер кезінде 271 жас ұсталған. Олардың басым бөлігі — кәмелетке толмағандар.

Демалыс күндеріндегі тәртіпсіздіктерден кейін Милан орталығындағы дүкендер мен мекемелерге келген шығын 700 мың еуродан асқан. Наразылық акциялары Италияның басқа қалаларында да өтті. Unimpresa бизнес бірлестігінің бағалауынша, ел бойынша жалпы шығын 1,6 миллион еуроға жеткен.

Еске салайық, бұған дейін Францияда жаппай тәртіпсіздіктерден кейін кей қалаларда коменданттық сағат енгізілетінін хабарлағанбыз.