Италия Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуында сенімді серіктес екенін дәлелдеді – Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия халықаралық аренада өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді. Бұл туралы елордада «Орталық Азия – Италия» саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

– Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өркениетаралық диалогты дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағидаттарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді. Бұл геосаяси шиеленістердің күшеюі мен жаһандық сауда қарама-қайшылықтары аясында ерекше маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Италия дамыған экономикасы, қуатты өнеркәсіптік әлеуеті және көптеген салалардағы озық технологиялары бар ел ретінде жетекші индустрияалды держава саналады.
– Отыз жылдан астам уақыт ішінде Италия Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына толық үлес қосып, сенімді серіктес екенін дәлелдеді. «Орталық Азия плюс» форматындағы біздің мүмкіндіктеріміздің синергетикасы өңір мемлекеттері мен Италия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін қуатты серпін жасайтынына сенімдімін, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Айтулы іс-шараға құрметті меймандардан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.