Италия Премьер-министрі: Орталық Азия — Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бекеті
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астана халықаралық форумының екінші күніндегі пленарлық сессияға қатысқан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Орталық Азия елдерінің тағдырын өз елінің тарихымен салыстырды.

— Мен жалпы геосаясаткер емеспін. Бірақ қазіргі ахуалды бағамдап отырмын және бұл аймақ әрдайым Шығыс пен Батыс арасындағы жолайрық болып келгенін, жаһандық сценариде оның стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көріп отырмын, — дейді ол.
Италия Премьер-министрі Орталық Азияға әлемнің неге дәл қазір назар аударып отырғанына тоқталды.
— Қазіргідей ауыр кезеңде Орталық Азия әрдайым жер шары ғасырлар бойы бастан өткеріп келе жатқан трансформация мен өзгеріс орталықтарының арасында көпір болып отырды. Бұл аймақ — екі құрлық арасындағы көпір, Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бекеті және қақтығыстар арасындағы байланыс айлағы.
Әлем қазір барған сайын тығыз байланысқа мұқтаж. Мен италиялық ретінде, Еуропа мен Африканың ортасында жатқан, Жерорта теңізіндей жаһандық орталықтағы ұлттың қызы ретінде мұндай географиялық жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсінемін, — деді Джорджа Мелони.
Айта кетейік, кеше кешке Италия премьері Қазақстанға ресми сапармен келді.
Сондай-ақ, мәртебелі мейманның қатысуымен «Орталық Азия — Италия» саммиті өтеді.
Еске салсақ, елордада кешеден бері Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.