Италия сахнасындағы қазақ қызы: Әйгерім Алтынбек «Ла Скалада» өнер көрсетпек
АСТАНА. KAZINFORM – Әйгілі итальяндық опера сахнасы «Ла Скалада» қазақстандық әнші өнер көрсетпек. Танымал театрда тағылымдамадан өтетін Әйгерім Алтынбек Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болды.

— Мен үш жылдан бері Италияда тұрып, білім алып жатырмын. «Ла Скала» театрына түсу — менің арманым болатын. Италияға келуімнің басты себебі де осы. Бірақ бұл оңай болған жоқ. «Ла Скала» театрының академиясына тікелей барып оқуға қабылдану мүмкін емес. Ең алдымен, итальян тілін жақсы меңгеру қажет. Сондай-ақ, консерваториялар мен академияларда алдын ала білім алу керек. Бұл талаптар олар үшін өте маңызды, — дейді опера әншісі.
Қазақстандық ару өз арманына жету үшін Италияда консерватория да оқыған.
— Биыл Парма қаласындағы Арриго Бойто атындағы консерваторияны аяқтадым. Бұл — Италиядағы ең алғашқы консерваториялардың бірі. Мұнда түсу де, оқу да оңай болмады. Барлық оқу бағдарламалары итальян тілінде өтеді. Білім беру жүйесінің дәрежесі өте жоғары, сабақ барысы күрделі, — дейді ол.
Әйгерім Алтынбектің айтуынша, оған итальян тілін үйрену аса қиынға соқпапты.
— Менің итальян тіліне деген қызығушылығым жоғары болған секілді. Өйткені біздің орындап жүрген көптеген шығармаларымыз итальян тілінде. Сол шығармаларды орындамас бұрын міндетті түрде мәтіндерін жаттап, аудармасын жасау керек болды. Осылайша, тілді үйренуге қажетті база қалыптасты. Кейін грамматиканы тереңдету үшін Қазақстанда 2-3 ай дайындалдым. Содан кейін консерваторияға түсу үшін емтихандарымды тапсырдым. Бірақ теорияны оқығаның бір басқа, ал италиялықтармен итальянша сөйлесу — мүлде басқа дүние, — дейді әнші.
Студия қонағы «Ла Скала» театрының академиясына түсу оңай болмағанын айтады.
— «Ла Скала» театрының академиясына түсу үшін үш жыл бойы тыңғылықты дайындалдым. Тағылымдамам екі жылға жоспарланған. Алғашқы іріктеу кезеңіне 400-ден аса адам қатысты. Солардың ішінен 90 адам жанды тыңдалымға өтті. Кейін жартылай финалға жолдама берілді. Жартылай финал екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде камералық музыка мен ариялар орындадық. Ал екінші бөлімде актерлік және музыкалық қабілетіміз тексеріліп, сұхбат өткізілді. Соңғы кезең — «Ла Скала» сахнасында өтті. Қорытындысында 400 адамның ішінен 12 адам ғана таңдалып алынды, — дейді Әйгерім.
Опера әншісі қазақ классикалық ән өнерін әлемге танытқысы келетінін жеткізді.
— Әлеуметтік желілерде көп адам мені Димашпен салыстырып жатыр. Осы тұста айтқым келеді, Димаш — қазақтың эстрада жанрын әлемге танытып жүр. Ал мен классикалық бағытта елімді танытқым келеді, — дейді студия қонағы.
Еске сала кетейік, Әйгерім Алтынбек өткен жолы Kazinform агенттігіне берген сұхбатында «Өнер адамдары халықты мәдениетке тәрбиелейді» деген пікір білдірген еді.