Италияда 20 қарашада жаппай ереуіл өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Италияда 20 қарашаға жалпыұлттық ереуіл жарияланды. Мұндай шешім өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылықтар аясында қабылданды. 17 қазанда Милан, Болонья және Турин қалаларында өткен шерулер полициямен қақтығысқа ұласқан. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Ереуіл өтетінін Италиядағы ең ірі кәсіподақ бірлестігі — CGIL жетекшісі Маурицио Ландини мәлімдеді.
Римде кәсіподақ ұйымдастырған ірі шеру өтті. Оған 100 мың адам қатысты. Олар жалақыны көтеріп, әскери шығындарды қысқартуды талап етті.
Миланда шамамен 5 мың адам қатысқан Italia in piazza шеруі алғашында бейбіт сипатта болды. Алайда кейін қара киініп, бет-жүзін жасырған наразылық білдірушілердің бір бөлігі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасап, оларға тас, петарда және қоршау бөлшектерін лақтырды.
Қақтығыстар негізінен Дуомо соборының маңында және оған жақын көшелерде болды. Полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыш машиналарды қолданып, наразылық білдірушілерді таратуға кірісті.
Қақтығыс салдарынан дүкендердің витриналары сынып, полиция көліктері тоналып, бүлінді. Алдын ала мәлімет бойынша бірнеше полиция қызметкері мен жиырмаға жуық наразылық білдіруші зардап шеккен. Олардың басым бөлігі жеңіл жарақат алған. Оқиғаға қатысқан ондаған адам ұсталды.
Болонья қаласындағы теміржол вокзалы маңында да қақтығыс болды. Полиция су атқыш машиналарды қолданып, 7 адамды ұстады.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони болған оқиғаларды айыптады.
— Шеруге шығу — әркімнің құқығы. Ал қалаларымызды ұрыс алаңына айналдыруға жол берілмейді, — деді ол.
Сондай-ақ премьер-министр оппозиция өкілдерін болған жағдайды ашық әрі біржақты айыптауға шақырды.
Айта кетейік, Макрон Франциядағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды жазалауға уәде берді.