Италияда әлемдегі ең үлкен аспалы көпір салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Италия үкіметі Сицилия мен Калабрия өңірлерінің оқшаулану мәселесін шешуге бағытталған, әлемдегі ең үлкен аспалы көпір жобасын жүзеге асыруға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды AZƏRTAC

Италияда әлемдегі ең үлкен аспалы көпір салынады
Фото: azertag.az

Жобаның болжамды құны – 13,5 миллиард еуро, ал көпірдің негізгі аралығы – 3,3 шақырым болмақ. Бұл көрсеткішпен ол әлемдегі ең ұзын аспалы көпір атануы мүмкін. Жоба 150 жылдан бері талқыланып келеді, алайда нақты іске асуы әлі күнге дейін басталмаған. Көпірдің жоспарланған орны – инженерлік тұрғыда күрделі аймақ саналатын Мессин бұғазы. Мұнда сағатына 100 шақырымға дейін жететін жел соғып тұрады, сейсмикалық белсенділік те жоғары.

Италияның инфрақұрылым министрі Маттео Сальвини жаңа технологиялар арқылы осы қауіптерді еңсеруге болатынын айтып отыр. Оның айтуынша, жоба сәтті аяқталса, бұл Италияның көлік байланысында нағыз «революция» болады.

Үкіметтің болжамынша, Сицилия мен Калабрияның материктен оқшаулануы Италия экономикасына жыл сайын 6,5 миллиард еуроға шығын келтіреді. Сонымен қатар, жоба 120 мың жұмыс орнын ашуы мүмкін. Алайда тәуелсіз сарапшылар нақты жұмыс орындарының саны жылына 2–3 мыңнан аспауы мүмкін екенін айтады.

Экологтар жобаның теңіз экожүйесі мен құстардың көшу жолдарына қауіп төндіретінін ескертіп отыр. Ал «No Ponte» қозғалысының белсенділері бұл бастаманы Италияның оңтүстігіндегі инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері шешілмей тұрған кезде – босқа кететін қаражат деп санайды.

Министр Сальвинидің айтуынша, егер премьер-министр Джорджия Мелони басқаратын үкімет айдың соңына дейін жобаны ресми түрде бекітсе, бұл Еуропадағы ең ауқымды құрылыс бастамаларының бірі болмақ.

Дегенмен тарих бұл бағытта абай болуды үйретеді: осыған дейінгі 12 талпыныстың барлығы кейінге шегеріліп, кейбірі мүлдем тоқтатылған, оның ішінде 2012 жылғы қарыз дағдарысы кезіндегі жоба да бар. 

Президент Қазақстан-Италия стратегиялық серіктестігі барлық бағытта серпінді дамып отыр деген еді

Соңғы жаңалықтар