Италияда батыс ніл қызбасының 32 жағдайы расталды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Италияда кемінде 32 адамның Батыс Ніл вирусын жұқтырғаны расталды. Олардың көпшілігі (21 жағдай) Римнің оңтүстігінен шамамен 100 шақырым жердегі Латина провинциясында тіркелген, деп хабарлайды Euronews.

Италияда батыс ніл қызбасының 32 жағдайы расталды
Фото: freepik

Istituto Superiore di Sanità (ISS) бейсенбі күні жариялаған апталық есепте «Эпидемиологиялық үрдіс алдыңғы жылдармен сәйкес келеді, бірақ географиялық таралуы мүлде өзгеше» делінген.

Ауру жоғары температура, бөртпемен өтеді. Басқа жағдайлар Пьемонт, Венето, Эмилия-Романья және Кампания өңірлерінде тіркелді. Расталған науқастар арасында екі адам көз жұмған: бірі Фонди қаласында, екіншісі Новара провинциясында.

— Батыс ніл вирусы соңғы бірнеше жыл бойы елімізде эндемиялық болып саналады. Барлық қажетті шара қабылданды, оның ішінде қан құю мен ағза трансплантациясына қатысты қауіпсіздік шаралары да бар. Айта кету керек, вирус жұқтырған жағдайлардың 80 пайызы симптомсыз өтеді, ал ауыр асқыну қаупі ең әлсіз топтар үшін жоғары, — деп мәлімдеді Инфекциялық аурулар департаментінің директоры Анна Тереза Паламара.

Бейсенбі күні Лацио аймағы вирустың оң нәтижесін көрсеткен 12 жаңа жағдайды растады. Бұл сынамалар Римдегі Спалланцани ұлттық жұқпалы аурулар институтында жүргізілген.

Лацио өңіріндегі 21 жағдайдың құрамына кіретін жаңа оқиғалар Априллия, Чистерна-ди-Латина, Фонди, Латина, Понтиния, Приверно, Сецце және Сабаудия қалаларында тіркелген.

ISS түсіндіруінше, батыс ніл қызбасы (БНҚ) — алғаш рет 1937 жылы Уганданың Батыс Ніл аймағында анықталған Flaviviridae тұқымдасына жататын вирустың әсерінен пайда болатын ауру. Ол атауын дәл осы аймақтың атымен алған.

Вирустың негізгі таратушылары — жабайы құстар мен масалар (көбінесе Culex түрі). Адамдарға инфекция осы масалардың шағуы арқылы жұғады. Адамнан адамға жұғу тіркелмеген.

Айта кетелік Чикунгунья вирусы әлемге таралып жатқаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар