Италияда «демографиялық» төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Итальяндық әлеуметтанушылар мен демографтарды елдегі халықтың қартаюы және туу көрсеткішінің төмендеуі қатты алаңдатады. Көпшілік Джорджи Мелони үкіметінің қолданып жатқан шаралары жеткіліксіз әрі ел жақын арада демографиялық құлдырауға тап болуы мүмкін деп санайды, деп хабарлайды Еuronews.

Соңғы жылдары бүкіл Еуропада туу көрсеткішінің төмендеуі байқалды. Бұл мәселе әсіресе Италияда өткір болып отыр.
Елде туу көрсеткіші Еуропалық Одақтағы ең төмен көрсеткішке ие. Бұған қоса жергілікті тұрғындар қауымдастықтың басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда жылдам қартайып жатыр.
«Демографиялық шұңқырға» сырғып кетудің алдын алу — Италия үкіметі мен «Италия ағайындылары» партиясы жетекшілік ететін басқарушы коалицияның басты міндеттерінің бірі. Бірақ биліктің әдістері, әсіресе олардың түсік жасату туралы әзірлеп отырған заң жобасы әлеуметтанушылар мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың сынына және көптеген сұрақтарына себеп болып отыр.
Мұны демографиялық мәселелерге арналған Римде өткен екі күндік конференция айқын көрсетті. Қатысушылар елде «төтенше жағдай» екеніне келісті.
Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2030 жылға қарай Италияның 59 млн халқы шамамен 1 млн адамға азаяды деген болжам бар.
Италияның Ұлттық статистикалық басқармасының (ISTAT) мәліметінше, егер 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті (яғни, бір әйелге шаққандағы бала саны) 1,24 болса, бір жылдан кейін ол 1,2-ге дейін төмендеді.
Ал халықтың қартаюы зейнетақы жүйесі мен денсаулық сақтау саласына ауыр салмақ түсіріп отыр.
«Италиядағы жағдайдың басты ерекшелігінің бірі — дағдарыстың ұзақ жылдарға созылуы. 2008 жылдан бері жаңа туған нәрестелер саны 200 мыңға азайған. Көп жағдайда бұл әлеуетті ата-аналар санының азаюына байланысты. Бұл 30 жыл бұрын басталған туу көрсеткішінің төмендеуімен түсіндіріледі», — деп атап өтті ISTAT Бас директоры Сабрина Прати.
Өткен жылы ел үкіметі әйелдерге бала тәрбиесі мен жұмысты қатар жүргізуге көмектесетін шараларға шамамен 1 млрд еуро бөлді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Италия парламенті алдында жиналған наразылық білдірушілер жүктілікті тоқтату орталықтарына ана мәселелері жөніндегі кеңесшілерді енгізуді көздейтін жасанды түсік туралы заң жобасын қабылдауға қарсы.