Италияда ХАМАС ұйымына қаржылай қолдау көрсеткендер тұтқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Италия полициясы «палестиналық ХАМАС тобына қаржы жинады» деген айыппен 9 адамды тұтқындады. Олар екі жылдан астам уақыт ішінде содырлар үшін шамамен 7 миллион еуро жинаған, деп жазды ВВС.

Италияда ХАМАС ұйымына қаржылай қолдау көрсеткендер тұтқындалды
Фото: Luca Bruno/AP

Тергеушілер транзакциялардың кейбірі ХАМАС ұйымының 2023 жылдың қазан айында Израильге шабуылынан бұрын жүргізілгенін анықтады.

Полиция мәлімдемесінде бұл ақшаның палестиналық бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек ретінде жиналғаны, бірақ оның орнына содырларға «күрделі қаражат жинау жүйесі» арқылы жіберілгені айтылған.

Италия полициясы тергеу аясында ұсталғандардан құны 8 миллион еуродан асатын мүлік тәркіленгенін айтты. Топ мүшелері «террорлық әрекетке ықпал етті деп есептелетін қаржылық транзакциялар жасады» деп тікелей айыпталған.

Күдіктілерді ұстау италиялық лаңкестікке қарсы күрес пен қаржы полициясының бірлескен операциясы аясында жүргізілді. Тергеу 2023 жылы 7 қазанда Израильдің оңтүстігінде ХАМАС шабуылынан кейін басталды.

Полиция шабуылға дейін күдіктілердің кейбіріне қатысты «бірқатар күдікті қаржылық транзакциялар туралы есептерді» талдағанын айтты.

Мәлімдемеде тергеушілер штаб-пәтері Генуя мен Миланда бөлімшелері бар «күрделі қаражат жинау жүйесін» анықтағаны айтылған.

— Күдіктілер Газа секторының бейбіт тұрғындарына арналған қайырымдылық көмегін жинады, бірақ бұл қаражаттың 71%-дан астамы топтың әскерін қаржыландыру және жанкештілердің немесе лаңкестік үшін ұсталғандардың отбасыларына қолдау көрсету үшін ХАМАС кассасына аударылғаны белгілі болды, — делінген полиция мәлімдемесінде.

Ішкі істер министрі Маттео Пиантедоси тұтқындалғандардың ішіндегі ең танымалы Италиядағы Палестина қауымдастығының президенті Мохаммед Ханнун екенін айтты. Негізі Ханнун бұған дейін өзін ХАМАС-тың демеушісі деген айыптауды растамаған.

Пиантедоси X әлеуметтік желісінде жарияланған хабарламада полицияға жұмысы үшін алғыс айтып, «осы кезеңде кінәсіздік презумпциясы әрқашан ескерілуі керек» деп атап өтті.

Бұған дейін Binance-тың негізін қалаушы Чанпэн Чжаоға ХАМАС-қа қаржылай жәрдемдесті деген айып тағылды.

Соңғы жаңалықтар