Италияда қылмыскерлер британдық лордтың қолынан 175 мың фунт стерлинг тұратын сағатты жұлып әкетті

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Капри аралында демалып жүрген 65 жастағы Лорд Ара Дарзи қарақшылық шабуылға ұшырап, қолынан құны 175 мың фунт стерлингтен асатын Richard Mille маркалы сағатты жұлып әкеткен. Бұл туралы The Telegraph басылымы хабарлады.

р
Фото: pixabay

Ұлыбританияның бұрынғы денсаулық сақтау министрі әрі белгілі хирург Ара Дарзи достарымен бірге аралдың орталық алаңынан шығып келе жатқан кезде екі адам оған кенеттен шабуыл жасаған.

Италия полициясының мәліметінше, қарақшылар лордтың қолынан люкс санатындағы қымбат сағатты жұлып алып, оқиға орнынан дереу қашып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, Лорд Дарзи дене жарақатын алмаған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп жатыр. Күдікті екі адамның бейнесі жарияланған.

д
Фото: The Telegraph

Аталған оқиға Капри аралындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылық туындатуда. Себебі арал — жаз мезгілінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін танымал және ауқатты адамдардың сүйікті демалыс орны саналады.

Капри мэрі Паоло Фалько The Telegraph басылымына түсініктеме беруден бас тартты. Алайда La Repubblica газетіне берген сұхбатында аралдың қауіпсіздігіне сенімді екенін айтты.

– Бұл оқиға — арал үшін ерекше жағдай. Капри әрдайым қауіпсіз әрі қонақжай мекен болған. Аталған қылмыс алдын ала жоспарланған болуы мүмкін. Қауіпсіздік шараларын күшейтеміз, әсіресе туристер көп шоғырланатын орталық аудандарда, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жалпы бастапқы құны 352,3 млн теңге болатын қымбат қолсағаттарды сату бойынша аукцион өтетіні хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар