Италияда қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

АСТАНА. KAZINFORM — XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты Италияның Верона қаласында өтті. Милан-Кортина-2026 қысқы Паралимпиада ойындарына 56 елден 600-ден аса спортшы қатысады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

Италияда қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды.

Италияда қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Атап айтсақ, пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин, ал пара шаңғы жарысынан — Нурлан Алимов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва.

— Бұл ойындар — біздің құрамамыз үшін өз шеберлігін дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғауға берілген тағы бір маңызды мүмкіндік. Қазақстан ұлттық құрамасының әрбір спортшысы осы додаға ұзақ әрі күрделі дайындық арқылы келді. Олар күн сайын еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысты. Ертең спортшыларымыз үшін алғашқы жарыс күні. Барша қазақстандықтарды ұлттық құрамамызға жанкүйер болуға шақырамын. Біздің спортшыларымызға сәттілік, әділ жарыс және жарқын жеңістер тілеймін, — деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Италияда қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында өтеді. Дүбірлі додада пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы және пара хоккей спорт түрлері бойынша 79 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама 7-ші наурыз күні пара биатлоннан 7,5 км қашықтықтағы спринттік жарыс бойынша сынға түседі. Жарыс жолында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин өнер көрсетеді.

Ұлттық құрама қатысатын жарыстың тікелей эфирі Qazsport телеарнасының эфирінде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін қысқы Паралимпиада-2026 өтпей қалуы мүмкін бе деген мәселені қозғаған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум