Италияда жарылыс қаупіне байланысты 300 мектеп эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Италияда жарылыс жасайтыны туралы жаппай электронды хаттар таратылғаннан кейін кемінде 300 мектептің оқушылары мен қызметкерлері қауіпсіз жерге көшірілді. Билік хабарламаларды жалған деп болжап отыр. Полиция тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы BBC жазды. 

Италияда жарылыс қаупіне байланысты 300 мектеп эвакуацияланды
Фото: BBC

Басылымның хабарлауынша, 11 қараша, сәрсенбі күні Италияның жүздеген мектебіне жарылыс қаупі туралы бірдей мазмұндағы хабарламалар келген.

Италияның білім министрі Джузеппе Вальдитара La7 телеарнасының эфирінде бұл қоқан-лоққылардың жалған болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол осындай хабарламалар алған мектептер саны әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Министрдің айтуынша, хабарламалардың жаппай таратылуы олардың шынайылығына күмән келтіреді.

Рим полициясы оқиғаға қатысты тергеу бастады.

— Еліміз бойынша жарияланған жарылыс қаупіне байланысты дабылға орай, барлық оқушы қауіпсіз жерге эвакуацияланғанын және педагогтердің бақылауында екенін хабарлаймыз, — делінген Рим мектептерінің бірінің ата-аналарға жолдаған хабарламасында.

Reuters агенттігінің мәліметінше, жарылыс қаупі туралы электронды хатқа «Михаил Андропов, Мизогинистан вилаятының жетекшісі» деген қолтаңба қойылған. Дәл осындай қолтаңба 6 қарашада Ирландия мен Болгариядағы бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларына жолданған қоқан-лоққы хаттарында да болған.

Бұл оқиға өткен аптада Еуропада түрлі нысандарға жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламалар толқыны тараған тұста болды. Қоқан-лоққылар супермаркеттерге, қан банктеріне, әуе қозғалысын басқару жүйелеріне және телекомпанияларға қатысты түскен.

Дүйсенбіден бастап ондаған әуе рейсіне де жарылыс қаупі туралы хабарламалар жіберілген. Соның салдарынан кейбір ұшақтар бағытын өзгертіп, басқа әуежайларға қонуға мәжбүр болды. Бірқатар елде әуе кемелерін алып жүру үшін жойғыш ұшақтар әуеге көтерілді.

6 қараша, жұма күні Ryanair, Wizz Air, KLM және басқа да әуе компанияларының Еуропаның түрлі қалаларына бағыт алған рейстеріне қатысты қауіп туралы хабарламалар түскен.

Ұшақтар қонғаннан кейін мамандар оларды тексерді. Бірде-бір әуе кемесінен қауіпті зат табылған жоқ.

Өткен аптаның соңына қарай Еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларына да жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламалар келіп түсті.

Бұған дейін Италияда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және тонаушылық үшін жазаны қатаңдату жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.