Италиян тілінен аударылған «Мың ғажайып. Италияға саяхат» кітабы оқырманға жол тартты

Аударма
Фото: Бақытжол Кәкеш / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанадағы кітап көрмесі аясында италиян тілінен аударылған қызықты, шытырман оқиғаларға толы «Мың ғажайып. Италияға саяхат» кітабының тұсаукесері өтті.

Аталған жоба Италия мәдениет институтының бастамасымен және Италияның Астанадағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан. Жаңа кітап Руслан Әділдің аудармасымен Steppe&world баспасынан жарық көрген.

«Осыған дейін әлемнің көптеген тілдеріне аударылған бұл кітапта Жеронимо атты тышқанның штырманға толы оқиғалары туралы баяндалады. Онда италияның ең қызықты жерлері туралы айтылады. «Мың ғажайып. Италияға саяхат» жай ғана кітап емес, ол сізді бірінші бетінен бастап бауырап алып, соңғы нүктесіне дейін жібермей өзімен бірге қиял әлеміне саяхаттатады», - дейді Steppe&world баспасының бас редакторы, жазушы Ырысбек Дәбейұлы.

Кітап
Фото: Бақытжол Кәкеш / Kazinform

Қазақ тілінде жарық көрген жаңа кітаптың тұсаукесеріне арнайы келіп қатысқан Италия мәдени институтының басшысы Едуардо Крисафули Steppe&world баспасының ұжымы мен аудармашы Руслан Әділдіге алғысын айтып, шығарманың құндылығы мен маңызына тоқталды.

«Аталған туынды осыған дейін Еуропа елдерінің көптеген тілдеріне және араб, украин тілдеріне аударылған. Енді осы жолы қазақ тіліне де сапалы, жақсы аударылып, оқырмандарын қуантатынына сенімдімін. Шығарма италиян тілінде аса көркем жазылған. Балаларға арналған әдебиет әрбір ұлт үшін өте маңызды құндылық! Сондықтан осы шытырман оқиғаларға толы туындыны ата-аналар балаларымен бірге оқуына болады. Алдағы уақытта да бұл «Италияндық тышқан» әлемді саяхаттауын жалғастыра бермек. Біздің Жеронимо өркениетті елден шыққан «мәдениеті» жоғары тышқан деп түсініңіздер», - деген Едуардо Крисафули мырза сөзінің соңын жарасымды әзілмен түйіндеді.

Айта кетейік, Steppe&World Publishing – әлемдік бестселлерлерді қазақ тіліне аударатын отандық баспа. Бұл кітаптардың қатарында Хәрри Поттердің оқиғалар сериясы, Нарния шежіресі, сондай-ақ Харуки Мураками мен Элиф Шафактың кітаптары бар.

 

Соңғы жаңалықтар