Италияның Сан Ремо қаласында өткен халықаралық байқауда маңғыстаулық «Жорға» би ансамблі бас жүлдені жеңіп алды

Нақтырақ айтсақ, Сан-Ремо қаласында өткен халықаралық байқауда жерлестеріміздің бағы жанып, «Жорға» би ансамблі бас жүлдені, Қарағиялық «Ақжелең» домбырашылар ансамблі бірінші орынды еншілеп қайтты.
Италияда өткен өнер фестиваліне он екі елдің (Қазақстан, Италия, Румыния, Албания, Франция, Өзбекстан, Испания т.б) 700-ге жуық өнерпаздары қатысқан. Оларға төрелік еткен әділқазылар алқасы да осал болмапты.
«Әрине, халықаралық деңгейде өткен жарыс болғандықтан қобалжу болады. Біз үшін қарсыластарымыздың арасынан Румынияның жиырма бес жігіті мықты болды. Аталмыш байқаудың ерекшелігі - екінші, үшінші орын тағайындалмаған. Тек қана бас жүлде мен бірінші орын ғана бар. Ол байқаудың сынынан сүрінбей өткен ұжымға ғана тиесілі. Бұл жолғы байқауға «Жорға» би тобының ортаншы тобы қатысты. Олар бұған дейін шет елдерге шықпаған болатын», - дейді «Жорға» би ансамбілінің жетекшісі Серік Сариев.
Сан-Ремо қаласындағы зәулім Аристон театрында өткен сайысқа жеті жүзге жуық өнерпаз бақтарын сынаған. Өнер сайысында «Жорға» би тобы «Ауыл жастары» (қазақ биі) мен «Хорезм» (өзбек биі) билерін көрерменге тарту етіпті.
«Ол елдің тілін жете түсінбесек те бізге деген ықылас-ілтипатын зор қошеметінен байқадық. Залда орындарынан тұрып ұзақ қол соққан көрерменді көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді екен. Еселі еңбектің зая кетпегенін сезінесің. Бұл жолы да қазақтың биі Еуропаға экзотика, әлі де жұмбақ екеніне көзім жеткендей болды. Қазақ биін насихаттай алғанымды мақтаныш тұтамын. Қазақ биін билегенде бишілердің құлайтын жері бар, сол кезде көрермен орындарынан тұрып шу етіп, қошеметін білдіргенде сондай керемет сезімде болдық. Ал өзбек биін билегенде бишілерім актерлік шеберлігін толықтай көрсете алды деген ойдамын», - дейді ансамбль жетекшісі С. Сариев.
Әлемдік деңгейдегі шараға өрендерді қатыстыруға қаржылай көмек көрсеткен демеушілерге би ансамблінің жетекшісі ризашылығын білдірді.