Иттердің панажайына ақша бөлуді тоқтату керек – депутат

ит
Фото: freepik.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазір қалада да, далада да бұралқы ит көбейді. Адамдарды ит қабу статистикалары оңып тұрған жоқ. Үлкен шаһарлар тұрмақ, ауылдардың өзінде ересектер балаларының өмірі үшін қауіптенетінін айтады. Бұрынғыдай жануарларды атуға, дәрімен ұйықтатып тастауға тағы болмайды. Ендеше мәселені қалай шешпек керек?

Заң бар, орындауға негіз жоқ

Бұралқы иттердің мәселесі соңғы уақытта қоғамда жиі талқыланатын өзекті тақырыпқа айналған. Көше кезген қанденнің өзі адамға шауып, кішкентай балалар мен зейнеткерлердің азық-түлік дорбасын тартып әкетіп жатқаны, кейбір саяжайларда топтасып жүретін жануарлардан қорқып, қариялар бау-бақшасына жете алмай жүргені жайлы мысалдар аз емес. Иттердің агрессиялық мінез-құлқы артып, адам аяғы аз жүретін кейбір жерлерде, саябақтар мен қаланың шеткі аудандарында емін-еркін серуендеу кәдімгідей қауіпті болып тұр.

иесіз ит
Фото: видеодан алынған скрин

2022 жылдың наурыз айынан жүзеге аса бастаған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңының талаптары жануарларды қорғаушылардың көңіліне жаққанымен, қоғам мүшелерінің басым бөлігіне ұнамайды. Анығы – бұралқы иттердің саны күн өткен сайын еселеніп барады. Бұл – факт. Соған орай заңды қайта өзгерту туралы ұсыныс-пікірлер жиі айтылып, мәселе түрлі мінберлерде көтеріле бастады. Қоғамның пікірі қазір екіге жарылып тұр.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сүйенсек, егер сіз кез келген итке зақым келтіріп немесе қару пайдалану арқылы атсаңыз, Қылмыстық кодекстің 316-бабы 1-тармағы (жануарларға қатыгездікпен қарау) бойынша әкімшілік жаза арқалайсыз. Бұл дегеніңіз – 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, сол мөлшерге пара-пар түзеу жұмыстарына, 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамалу түріндегі жаза. Ал ветеринарларға оларды атуға, ұйықтатуға мүлде тыйым салынды. Төрт аяқтылардың азап шегуін тоқтату үшін немесе халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде ғана өлтіруге рұқсат. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салынғаны тағы мәлім. Жануарды қорғаушы қоғамдық ұйымдар ұлардай шулап жүріп шығартқан заң қаңғып жүрген итке тас лақтыруға да тыйым салады. Оған сүйенсек, қоғам онсыз да «бұралқы» болуға «мәжбүрленген» иттердің басына пана беруге, алдына ас қоюға тиіс.

Құзырлы орындар бұған дейін бұралқы иттерді аулап, олар­ға тиісті шара жүргізуге тиіс­­ті панажайдың жоқтығы кедер­гі екенін айтатын. Әрине қолданыстағы заң оған мүмкіндік берді. Ондағы 26-баптың 2-тармағына сәйкес «Жануарларға арналған пана­жай­лар мемлекеттік және жекеше болуы мүмкін». Итке үйді бюджет есебінен, не жеке­мен­шік тарапынан салуға рұқсат беріледі. Бірақ жеке кәсіпкерлер панажайдың өте шығынды шаруа екенін айтады. Сондықтан бұл іске қалталы азаматтар аттап басқысы жоқ.

Мысал үшін, Павлодар қаласында 300 итке арналған панажайдың құрылысы былтырдан бері жалғасып жатыр. Қазынадан құрылысына бөлінген 300 млн теңге жетпей қалып, қосымша қаражат тағы берілді. Нысан түптеп келгенде былтырғы жылдың соңында қолданысқа тапсырылуы тиіс еді. Алайда жануарларды қорғаушылар арнайы стандарттарға сүйеніп, ішіндегі үйшіктердің биіктігі талапқа сай емес деген желеумен мерзімін тағы созды. Панажай ашылса, ол жердегі ветеринарлар жануарларды арнайы базаға тіркеп, кастрация жасап, вакцина егеді. Ал 60 күн бағып-қаққан соң оны қайтадан көшеге қоя береді. Жаңа заңда осылай көрсетілген.

Жануарды 15 күн ұстап, ұйықтатып тастау керек

Әшімбетов
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов итті 60 күн панажайда ұстап, қайта қоя беру ешбір қисынға келмейтінін айтып отыр.

«Өзіңіз ойлап қараңыз, мемлекет көшеде жүрген, иесіз жануарды екі ай бойы бағады екен де, оны қайтадан бұралқы өмірге босатып жібереді. Мемлекеттің қыруар қаражаты шығындалады. Кастрациядан өткен жануар агрессиялық мінез-құлқын қоя алмайды. Еркіндікке жіберілгенде адамдарға шабуылдауы әбден мүмкін. Сондықтан қазір Мәжіліс депутаттары мұндай панажайларда бұралқы иттерді 15 күн ұстап, иесі немесе асырап алушы табылмаса, ұйықтатып тастау керек деген ұсыныс тастап отыр. Бұл – қолдауға тұрарлық бастама. Жаңа заң қабылданғалы ветеринарлар не істеп, не қойып жүргенін білмейді. Итті атуға, аулауға болмайтыны себепті, олар еш әрекет жасай алмай жүр», - дейді халық қалаулысы.

Павлодар облысы аумағында қазіргі күні демеушілердің қаржысына ұсталып отырған 4 панажай (үшеуі – Павлодарда, біреуі – Екібастұзда) бар. Бірақ бұлардың әрқайсысы ары кеткенде 100-дей ғана жануарды бағуға қауқарлы. Панажай иелерінің айтуынша, жағдайлары оңып тұрған жоқ. Мемлекет оларға да көмек көрсетсе деген үміттері зор.

Ғалым Бейсенов
Фото: Ғ. Бейсеновтің жеке мұрағатынан

Өңірлік ветеринария басқармасы ветеринария және лицензиялау бөлімінің басшысы Ғалым Бейсеновтің пікірінше, бұралқы иттердің санын ұйықтату арқылы ғана кемітуге болады.

«2022 жылға дейін біз жылына 11-12 мың итті аулап, ұйықтатып тастайтынбыз. Нәтижесінде көшеде қазіргідей қаңғыбас жануарлар көп болмайтын. Ал былтыр 1,5 мың итті ауладық. Біздің отандық қорғаушылардың ұсыныстарын тыңдасаңыз, мүлде қисынға келмейді. Оларға Еуропадағыша тамақ салынған науалар қою керек дейді. Ертең көшелерде бұзылған тамақтан жағымсыз иіс шығып, небір жұқпалы дерт тарап кетпейтініне кім кепіл бере алады?! Түркия елінде тұрмыстық қалдық салынатын контейнерлердің барлығы жер астында орналасқан. Ал бізде үйлердің дәл алдында, көшелер бойында тізіліп тұр. Таңертеңгілік аулашылар мен көше сыпырушылар әлгі контейнерлерге жақындай алмайтындарына жиі шағымданады. Себебі, қаңғыбас иттер тамақ қалдықтарын іздеп, жақындаған адамға шабады. Бұл да үлкен мәселе ғой. Бұған қоса, қазір бұралқы жануарлар біздің балаларымыз ойнайтын алаңдарды жиі жағалап, сарып кетеді, тілімен жалайды. Иттің тілі мен зәрінде, тезегінде адамға қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырушылары өте көп. Құтыруды былай қойып, небір паразиттер қолмен жанасу арқылы кішкентай балалардың ішкі құрылысына түссе, ішекқұрттары пайда болады. Санитарлық тұрғыдан алғанда бұл өте қауіпті. Сондықтан панажайда 15 күн ұстап, иесі немесе асырап алатын адам табылмаса, жануарды ұйықтатып тастау тиімді», - дейді маман.

Қорғаушылардың да айтары бар

Алдағы наурыз айында аталған заңның қабылданғанына тұп-тура 2 жыл толады. Заңның қабылдануына түрткі болған қоғам белсенділері, өкінішке қарай, үмітіміз орындалмады деп алаңдап отыр. Олардың пікірінше, заңда қамтылған ережелер мен талаптар, стандарттар толыққанды жүзеге асқанда қазіргідей проблемалар қалыптаспас еді.

Мария Гребенкина
Фото: pavon.kz

Осы орайда жануарларды қорғаумен 10 жылдан бері шұғылданып жүрген павлодарлық Мария Гребенкинаны әңгімеге тарттық. Мария «Сердце Павлодара» қоғамдық қорының және «Стоп отлов» қорының жетекшісі. Бүгінде ол Астанадағы жануарлардың құқығын қорғаумен шұғылданып жүр. Айтуынша, жуықта елордадағы панажайға депутаттар мен волонтерлер келіп, мекеменің жағдайымен танысқан. Соңынан отырыс өткізіп, мәселені талқылаған.

«Депутаттар «панажайдағы иттерді ұйықтатып тастау керек, бюджеттен ақша бөлуді тыю керек» деген ұсыныстарын ашық жеткізді. Біз мұндай жағдайға жол бере алмаймыз. Бұл жануарлар біздің қордың иелігінде, өмірлері үшін жауаптымыз. Қорда қазіргі уақытта 3185 ит пен 568 мысық бар. Олардың барлығын өлтіріп тастауға бола ма?! Бұл – біздің адамгершілік қасиеттерімізге сын. Заң шын мәнінде жүзеге асырылса, мұндай мәселелер туындамас еді. Мектеп жасынан бастап биологиялық этикаға, адамгершілік қағидаларына баулу сабақтары неге өтпей жатыр? Жануарларға қамқорлық жасау, оларды қорғау бойынша көшелерде баннерлер, ақпараттық роликтер неге жоқ? Бұрын жануарларды дәрімен ұйықтатуға бөлінген қаражатта есеп болмаған. Нақты цифрлар есімде жоқ, бірақ олардың сомасы панажайларды ұстап тұруға бөлінетін қаржыдан әлдеқайда көп еді. Павлодар облысында 2020 жылы 14,2 мың ит ауланған деген дерек болды. Біз тексере келе мемлекеттік сатып алу тендері тек 5 мың итке ғана ойнатылғанын анықтадық. Қалған бөлігі қайда? Ал Түркістан облысының ветеринарлары 2021 жылы тіпті 64 мың итті «ұйықтаттық» деген мәлімет берді. Шын жүзінде олар тек 13 мың итті ғана аулаған. Қалған 50 мыңын кім ұстаған? Осының барлығы көңілде күдік ұялатады. Қаңғыбас иттер шын мәнінде көп емес. Олардың санын реттеу мәселесін тек панажайлар арқылы ғана шешеміз», - дейді қорғаушы.

Жануарлар әлемінің жақтастары ресми органдар беретін кейбір мәліметтерге де келіспейді. Мысал үшін, ит қабу оқиғалары деп берілетін статистикаға өзге жануарлардың адамдарға қарсы әрекеті еніп кеткен. Біреуді мініп жүрген аты қыршып алуы мүмкін. Сондықтан өзге жануарлардың адамдарға шабуылы жалпы ит қабу статистикаларының 15 пайызын алады, ол шын мәнінде жасырылып қалады деп есептейді. Марияның сөзінше, ит адамға әбден шегінер жер қалмағанда немесе қорыққанда шабады. Көбіне иесінен көрген қорлығының есесін қайтарады. Ал көшедегі бірлі-жарым оқыс оқиғалар бұрын да болған, қоғам өсіріп айтып отыр деген пікірде.

Кейінгі уақытта баланың да, кәрінің де берекесін қашырып қоймай, тіпті көше кезген ала­байдың жеткіншекті талап өлтір­генін де естіп білдік. Адамдар иттен осыншама зардап шегіп, бейбіт күнде балғындарды жазым етіп жатса, бұл қолданыстағы заңның шикілігін білдірмей ме?..

Соңғы жаңалықтар
telegram