Иван Дычко кәсіпқой бокста алғаш рет жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Иван Дычко (15-0, 14 КО) америкалық Джермейн Франклинмен (23-2, 15 КО) жекпе-жек өткізді.

Бұл кездесу Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд Лас-Вегас (АҚШ, Невада штаты) қаласында өтіп жатқан бокс кешінің андеркардында болды.
Жекпе-жек он раундқа жоспарланған еді. Қарсыластар белсенді қимыл көрсетуге тырысты.
Қазақстандық боксшы қарсыласына көбірек соққы жұмсауға күш салды. Дегенмен төрешілер шешімімен жеңіс АҚШ боксшысына берілді. Бұған дейін Иван Дычко барлық қарсыласын тізе бүктірген еді.
Соңғы рет Иван Дычко шілде айында кезекті жекпе-жегінде америкалық боксшы Сэмюэл Кроссдты (11-5-1, 7 КО) нокаутқа жіберді.
Ал Джермейн Франклин 2024 жылдың мамыр айынан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Ол жолы алтыншы раундта отандасы Девин Варгасты (23-11, 10 КО) мерзімінен бұрын жеңген еді.
Иван Дычко 1990 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Әуесқой бокста 2012, 2016 жылдары Олимпиаданың қола жүлдегері болса, әлем чемпионатында 2013, 2015 жылдары күміс, 2011 жылы қола алды.
Ал 2013, 2015 жылдары Азия чемпионы атанды.