Ізгі істерімен үлгі-өнеге болып жүрген ардақты азаматтарымызға құрметімізді көзі тірісінде көрсетуіміз керек - Гөзел Құлжабаева

Бұл шараға «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі мен республикалық «Гүлстан» журналының құрылтайшы-директоры Гөзел Құлжабаева ұйытқы болып жүр.
Елбасы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарынкөрсету және жасауымыз керек деген болатын. Гөзел Әліпбекқызының айтуынша, қаһармандар өз арамызда жүр. Тек оны көріп, бағалай білу қажет. Бұл үшін оларды алыстан іздеудің қажеті жоқ.
«Менің туған жерім Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Басши ауылында 100-ден астам көп балалы ана бар екен. Дінімізде «Жұмақты ананың табанының астынан ізде» деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан біз өткен жылы батыр аналардың құрметіне 10 гектар жерге 27 түрлі 3 мың түп ағаш пен 6 мың түп гүл ектік. Сондай-ақ 5 гектар жерге 14 түрлі алма ағашын отырғызып, осы өңірден шыққан әйгілі мәдениет және өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың атымен аталатын алма бақтың негізін қалаған едік. Биыл қыркүйек айында олардың ресми ашылу рәсімін жарияламақпыз. Онда қазіргі таңда көзі тірі аналарға «Осы бақ сізге де арналады» деген жазуы бар марапат қағаздары беріліп, сый-құрмет көрсетілетін болады», - дейді Г.Құлжабаева. Оның сөзіне қарағанда, Н.Нүсіпжанов атындағы алма бақтың кейбір ағаштары алғашқы жылы-ақ өз жемісін беріп қайран қалдырған көрінеді. Сонымен қатар бұрын шаң боратқан құйыннан зәрезап болған ауыл тұрғындары, ауыл шетіндегі саялы бақтың арқасында одан да құтылған көрінеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өнерімен елдің мерейін өсіріп, әнімен қуаныш сыйлаған өнер иесіне көрсетілген мұндай құрмет өзге жерлерде де өз жалғасын тапса нұр үстіне нұр болмақ. Қоғамның әртүрлі саласында ерен еңбегімен көзге түсіп, елдің алғысына бөленген ардақты жандарға көрсетілген қошемет-құрмет жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге болары күмәнсіз.