Измир әуежайы орман өртіне байланысты жұмысын уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Измир қаласындағы халықаралық әуежай провинция аумағында жалғасып жатқан орман өрттеріне байланысты рейстерді қабылдауды және жіберуді уақытша тоқтатты, деп жазады ТАСС.

аэропорт
Фото: freepik.com

Milliyet газетінің мәліметінше, Аднан Мендерес атындағы әуежай өрт ошағына жақын орналасқан Газиэмир ауданында орналасқан. Жалғасып жатқан орман өрті, түтіндену және өрт сөндіру ұшақтарының жұмысына байланысты әуежай ұшақтарды қабылдауды және ұшыруды уақытша тоқтатты. Измирге бағытталған кейбір рейс өзге әуежайларға бағытталды. Өрт бақылауға алынғаннан кейін рейстердің жұмысы қалыпты режимде қайта жалғасады деп күтіліп отыр.

Әуежайдың онлайн-таблосында кейбір жоспарланған рейстің кейінге шегерілгені, көптеген рейстің мүлдем тоқтатылғаны көрсетілген.

Бұған дейін Измир провинциясының губернаторы Сүлеймен Эльбан провинцияның үш ауданында ірі орман өрттері тұтанғанын хабарлаған болатын. Тұрғын үйлерге жақын орналасқан бірнеше аудан эвакуацияланған. Өртті сөндіруге 1 100 өрт сөндіруші, 6 ұшақ, 23 су тасушы көлік пен бульдозер жұмылдырылған. Алайда желдің жылдамдығы сағатына 70-тен 117 шақырымға дейін жетіп, бұл өрт сөндіру авиациясының жұмысын қиындатып, су шашуды тұрақты түрде жүргізуге мүмкіндік бермей отыр.

Бұған дейін Түркияның солтүстік-батысында ауқымды орман өрттері басталғанын жазғанбыз. Бірнеше күннің ішінде 150-ден астам өрт шығып, жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Соңғы жаңалықтар