Измирде 6 тамыздан бастап түнгі уақытта су беру тоқтатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Измирде су дағдарысы ушығып барады. Қалада түнгі уақыттарда су тоқтатылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Измир билігі құрғақшылық пен су ресурстарының күрт азаюына байланысты су беруді уақытша тоқтатқанын хабарлады. Измир сумен жабдықтау және канализация бас басқармасы (İZSU) 6 тамыздан бастап тұтынуы көп аймақтарда түнгі уақытта суды үзу басталатынын хабарлады.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, қысқартулар күн сайын сағат 23:00-ден 05:00-ге дейін жүргізіліп, жауын-шашын маусымы басталғанға дейін жалғасады. Шараның мақсаты – қалған су қорын үнемдеу және халықты ұзақ мерзімді перспективада ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету.
İZSU қаланың үлкен бөлігін қамтамасыз ететін негізгі Тафталы су қоймасындағы су деңгейі ең төменгі деңгейге жеткенін атап өтті. Тағы бір негізгі көзден, Гөрдес су қоймасынан су беру толығымен тоқтатылды. Сонымен қатар қатты құрғақшылық салдарынан жерасты су ұңғымаларының өнімділігі күрт төмендеді.
Бүгінде Измирде орташа тәуліктік су тұтыну шамамен 700 мың текше метрді құрайды. Билік шектеу шаралары енгізілмесе, қаланың су құбырына қауіп төнуі мүмкін екенін ескертеді.
Ал, алдағы күндері шектеу енгізілетін аудандар мен шағын аудандардың тізімі жарияланады.
Муниципалитет тұрғындарды суды ұтымды және үнемді тұтынуға шақырады және климаттың өзгеруі мен су тапшылығының өсуі жағдайында табиғи ресурстарға қамқорлық жасау керектігін еске салады.
Бұған дейін Түркиядағы инфляция 33,5%-ға дейін баяулағанын жазған едік.