Израиль армиясы Батыс Шерияда 21 палестиналықты ұстады

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль армиясы басып алған Батыс Шерияда жүргізген рейдтер барысында 21 палестиналықты тұтқынға алды, оның ішінде соңғы екі тұтқын алмасуда бұрын босатылған 15 адам бар, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Израиль армиясы Батыс Шерияда 21 палестиналықты ұстады
Фото: aa.com.tr/

Палестина тұтқындар қоғамы мен Палестинаны азат ету ұйымының тұтқындар және азат ету істері жөніндегі комитетінен жасалған ортақ мәлімдемеде Израиль күштерінің Батыс Шерияда рейдтерін жалғастырып жатқаны айтылды. 

Хабарларға қарағанда, Израиль күштері Ариха қаласындағы «Акабет Джабр» босқындар лагеріне рейд жүргізіп, бұрын тұтқын алмасу кезінде босатылған 15 палестиналықты тағы да ұстады. Операция кезінде бірнеше адамды ұрып-соғып, жауап алу үшін белгісіз жаққа алып кеткен. 

Сондай-ақ Израиль армиясы Рамалла, Әл-Халил, Бейтуллахим, Наблус және Тулкарм қалаларындағы үйлерді тінтіп, тағы 6 адамды ұстады. 

Ұсталғандар арасында Хамас қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі және Эль-Бире қаласының бұрынғы мэрі Жамал әл-Тауил де бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ХАМАС Газадағы израильдік кепілге алынғандардың мәйіттерін іздеу аясын кеңейтті. 

Соңғы жаңалықтар