Израиль әскері Сирияда 100 нысанаға соққы берді

АСТАНА. KAZINFORM – Соққылар әскери базаларға, барлауды басқару орталықтарына, қару қоймаларына, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне және қару-жарақ шығаратын нысаналарға жасалды, деп хабарлайды Анадолы.

Израиль әскері Сирияда 100 нысанаға соққы берді
Фото: Анадолы

Израиль әскері 61 жыл бұрынғы Баас режимі құлағаннан кейін Сириядағы 100 нысанға әуе шабуылын жасады.

Израильдің Channel 13 телеарнасының хабарлауынша, Израиль әскері Сирияның түкпір-түкпіріндегі стратегиялық нысандарға әуеден соққы берген.

Хабарда шабуылдардың мақсаты Сирия армиясының қалған әскери мүмкіндіктерін мүмкіндігінше әлсірету екені баса айтылған. Соққылар әскери базаларға, барлауды басқару орталықтарына, әртүрлі полигондағы зымыран қоймаларына, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, қару-жарақ шығаратын нысандарға және дәстүрлі емес қару қоймаларына жасалған.

Әуе шабуылдарынан бөлек, Израиль жердегі операцияларды бастап, Шейх тауының Сирия жағын басып алып, Голандағы буферлік аймаққа өз әскерлерін орналастырған.

Сирияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жою Израильге операцияны әлдеқайда жеңіл жүргізуге мүмкіндік беретіні атап өтілген.

Әуе шабуылдарынан бұрын Израиль армиясы Кунейтра провинциясы мен көршілес елді мекендер, соның ішінде Афания, Хамидия, Батыс Самдания және Кафтания тұрғындарын үйлерінде қалуға шақырды.

6 желтоқсанда Израиль армиясы Сириядағы оқиғаларға байланысты басып алынған Голан төбелеріндегі позицияларын нығайтқанын хабарлады. 8 желтоқсанда буферлік аймаққа қосымша күш жіберді.

Израиль Сирияға тиесілі Голан төбелерін 1967 жылдан бері ұстап отыр. 1974 жылы екі ел буферлік аймақ пен қарусыздандырылған аумақтардың шекарасын анықтайтын Әскерлерді бөлу туралы келісімге қол қойған.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Сириядағы 75-тен астам нысанаға соққы бергенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар