Израиль әскері Тулькарм қаласына жүргізген рейд барысында мыңдаған адамды ұстады

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері Иордан өзенінің оккупацияланған Батыс жағалауының солтүстігіндегі Тулькарм қаласында жүргізілген ауқымды рейд барысында, яғни, екі күнде мыңнан астам палестиндікті ұстады, деп жазады, Анадолы.

Тулькарм қаласына жүргізілген рейд
Фото: Анадолы

Тулькарм губернаторы Абдуллах Камиль бейсенбіден бастап Израиль әскері қалаға қарсы шабуылдарды күшейткенін хабарлады. 

Оның айтуынша, рейдтер барысында мыңнан астам палестиналық ұсталып, үйлер қиратылған, ал әйелдер мен балалар арасында қорқыныш пен дүрбелең орын алған.

Камиль бұл шабуылдардың 27 қаңтардан бері жүргізіліп кел жэатқан операцияның бөлігі екенін атап өтті.

- Мақсат – халқымыздың ерік-жігерін мұқату, – деді ол.

Губернатор халықаралық қауымдастыққа, БҰҰ мен адам құқықтарын қорғау ұйымдарына үндеу жасап, Израильдің шабуылдарын тоқтатып, Палестина халқын қорғауға шақырды.

Тулькармда екі израильдік әскери жарақаттанғаннан кейін, Израиль армиясы қаланы қоршауға алып, палестиналық ондаған жасты ұстап, үйлерін тінтіді.

Ресми палестиналық WAFA агенттігінің мәліметінше, Израиль күштері Тулькармның оңтүстік және шығыс кіреберістеріндегі темір қақпаларды жауып, сонымен қатар Джеббар көпірі мен Аннаб бақылау бекетін жауып, көлік қозғалысын бөгеген.

Израиль әскері қала орталығындағы дүкендер мен кафелерге рейд жасап, ішіндегі адамдар мен көліктердегі жолаушыларды ұстап, оларды Хадури бақылау бекетіне колоннамен апарған.

Сонымен қатар, әскери күштер бірнеше дүкеннен бейнебақылау жазбаларын тәркілеген. Қалаға қосымша әскери техника мен бульдозерлер кіргізіліп, ұсталған жастар оқиға орнында тергеп-тексерілген.

Бұған дейін Солтүстік Батыс жағалаудағы Тулькарм қаласында екі израильдік әскери брондалған көлікке орнатылған жарылғыш құрылғының жарылуы салдарынан жарақат алғаны хабарланған.

Әскери мәлімдемеде жарылғыш құрылғы операция кезінде іске қосылғаны және брондалған көліктің зақымдалғаны айтылған. Израиль армиясы қаланы қоршап, блокбекеттер орнатқан.

Осыған дейін Израильдің Йемендегі хуситтердің маңызды нысандарына соққы жасағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар