Израиль балаларға арналған тағамның Газаға жеткізілуіне кедергі келтіріп отыр - ЮНИСЕФ
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль гуманитарлық жүк жеткізуге шектеу қойып отыр деген айыпты мойындамады. Бұл ретте ол түрлі мақсатта қолданылатын тауарлар үшін қауіпсіз, баламалы жол ұсынып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) сейсенбі күні Израильді Газа секторына балаларды вакциналауға арналған 1,6 млн шприц пен құтыдағы 1 млн-ға жуық балаларға арналған тағамды қоса алғанда адам өмірі үшін маңызды бірқатар тауарды кіргізбей отырғанын мәлімдеді.
Ұйым өкілдерінің хабарлауынша, тамыз айынан бері тауар тасымалына қойылып отырған шектеу татуласу келісімі күшіне енгеннен кейін бір айдан соң басталған иммундау науқанын өткізуге кедергі келтіріп отыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша ЮНИСЕФ өкілі Рикардо Пириш шприцтер мен күн батареяларынан қуат алатын тоңазытқыштарды Израиль түрлі мақсатта қолданылатын тауарлар қатарына жатқызған.
- Бұл өте қажетті заттар, алайда біз оларды «түрлі мақсатта қолданылатын зат» деп бөлінуіне байланысты тексеру мен құжаттарды рәсімдеу кезінде көп қиындықтарға тап боламыз, - деп мәлімдеді ол Женевада өткен брифинг барысында.
Израильдің Қорғаныс министрлігінің гуманитарлық тауар ағымына жауап беретін COGAT құрылымы бұл айыпты мойындамады. Олар Изриальдің балаларға арналған шприцтер мен мұздатқыштарға шектеу қойып отырмағанын мәлімдеді.
- Біз Азаматтық-әскери үйлестіру орталығы аясында жыл сайын ЮНИСЕФ-пен бірлесіп әрекет етеміз. Біз оларға мәселені шешудің оңтайлы жолдарын ұсынамыз, бұрын бізге мұндай айып тағылған емес ,- делінген COGAT мәлімдемесінде.
ЮНИСЕФ ұйымы жексенбі күні басталған вакцинация науқанының бірінші кезеңі аясында 2,4 мыңнан астам баланың екпе алғанын хабарлады. Бұл науқанда жалпы алғанда үш жасқа дейінгі 44 мыңға жуық баланы полиомиелит, қызылша және пневмонияға қарсы профилактикалық вакциналармен қамту жоспарланған.
ЮНИСЕФ мәліметіне сәйкес, соғыс барысында екі жыл бойы вакцинациядан өтпеген балаларды қорғау үшін осы шаралар қолға алынған.
Ұйымның мәліметтеріне қарағанда, татуласудан кейін жеткізілген гуманитарлық көмек көлемінің артуына қарамастан бірқатар маңызды тауар түрлерін тасымалдауға тыйым салынған. Олардың арасында 938 балаларға арналған дайын тағам мен су тасушы көліктерге арналған бөлшектер бар.
- Бұл дегеніңіз аштықтан бұралып жатқан балаларға жеткізілуі тиіс миллионға жуық құты, - деді Пиреш.
10 қазан күні күшіне енген атысты тоқтату келісімі Газа секторына көмектің жеткізілуін жеделдету керек болатын. Гуманитарлық агенттік өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, көмек көлемі анклавта тұрып жатқан 2 млн халықты мұқтажын өтеуге жеткіліксіз.
Осыған дейін Израиль Газаның солтүстігіне гуманитарлық көмек жеткізу үшін Циким бекетін қайта ашқаны туралы жаздық.