Израиль «Байрон» дауылына дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль билігі Жерорта теңізінен келе жатқан «Байрон» дауылына байланысты ел бойынша жоғары дайындық режімін енгізді. Дауыл бұрын Греция мен Кипрге соққы беріп, алдағы тәуліктерде Израиль аумағында ең күшті фазасына жетеді.

Израиль «Байрон» дауылына дайындалып жатыр
Фото: x.com / @JBreakingNews

Синоптиктердің болжамынша, дауыл, сағатына 90 км-ге дейін жететін жел екпіні, сондай-ақ жергілікті су тасқынының жоғары қаупі күтіледі. Жағалау аймақтарында бірнеше сағат ішінде 60-100 мм жауын-шашын түскені тіркелген. Билік өкілдері құбыр жүйесі мұндай көлемдегі суға төтеп бере алмауы мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл қалалар мен автожолдарда су басу қаупін арттырады.

Израиль Қорғаныс армиясының Тыл қызметі құтқару бөлімшелерін жоғары дайындыққа көшіріп, ауа райы күрт нашарламай тұрып оңтүстіктегі шалғай базалардағы әскерилерді мерзімінен бұрын үйлеріне жіберді.

Муниципалитеттер шұғыл бригадалардың санын күшейтіп, арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізуде және бұрын су басқан аймақтарға су сорғыш қондырғылар дайындап қойған. Тұрғындарға суға толған жерлерге бармау, жерасты паркингіне лифтпен түспеу, дауылдың шарықтау сәтінде үйден шықпау шараларын ұсынды.

Денсаулық сақтау министрлігі де суықтан сақтану жөнінде нұсқаулық таратып, әсіресе қарттар мен балаларға ерекше көңіл бөлуге шақырды. Үй ішіндегі температураны тұрақты ұстап, жылы тағам мен сусын ішу, жалғыз тұратын көршілердің жағдайын тексеру ұсынылады.

Ауа райының нашарлауы халықаралық байланысқа да әсер етті. Израиль, Кипр және Греция бес адам отырған, оның төртеуі Израиль азаматы, жоғалған яхтаны іздеу операциясын жүргізіп жатыр. Кеме Кипр маңында байланыссыз қалған. Дауыл іздестіру жұмыстарын қиындатуда.

Израиль әуежайлары рейстер кестесінде ықтимал өзгерістер болуы мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін бір жолаушылар ұшағы ауа райының қолайсыздығына байланысты бағытын өзгертуге мәжбүр болған.

«Байрон» дауылы аймақтық метеорологиялық жүйенің ресми атауына ие болған және биылғы маусымдағы Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі ең ауқымды циклондардың бірі деп бағаланып отыр. Израиль билігі дауылдың шыңы бейсенбі күні болады деп күтуде, содан кейін ауа райы біртіндеп тұрақтана бастайды.

Газа секторының ақпараттық бюросы дауыл салдары уақытша шатырларда тұрып жатқан жүздеген мың палестиналық отбасының жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Иран билігі құрғақшылық жағдайында жаңбырды жасанды түрде жаудыра бастады.

Соңғы жаңалықтар