Израиль Бейрутте тұрғын үйді жермен жексен етті

АСТАНА. KAZINFORM - Сәрсенбі күні таң ата Израильдің әуеден жасаған соққысы салдарынан Бейруттың Башура ауданындағы тұрғын үйдің күл-талқаны шықты, деп жазады Euronews.

Израиль нанес удары по целям «Хезболлы» в Бейруте
Фото: Anadolu

Ливан билігінің мәліметінше, оқиға салдарынан кемінде алты адам қаза тапты.

Соққы 18 наурыз күні таң ата жасалды. Бейруттың орталық аудандарында қою түтін көтеріліп, оқиға орнына жедел қызметтер жетті. Израиль әскері шабуылдан шамамен бір сағат бұрын тұрғындарға эвакуация қажеттігі туралы ескерту жасағанын хабарлады. Соның салдарынан ғимарат толықтай жермен-жексен болып, қарбалас магистральдегі көліктер де зақымданды.

Бұл ғимарат 12 наурызда үш рет атқыланған, алайда сол кезде құламаған. Бүгінгі соққы бір аптаға жетпейтін уақыт ішіндегі төртінші рет жасалған шабуыл болып отыр.

Израиль тарапының мәлімдеуінше, нысан «Хезболла» тарапынан ірі көлемдегі қаражат сақтау үшін пайдаланылған, бірақ бұл туралы нақты дәлелдер әлі ұсынылған жоқ.

Соққы Израильдің Ливанның оңтүстігінде операцияны күшейтуі аясында жасалды. Бұл — шекара маңындағы аймақтардан жасалған атқылауларға жауап ретінде түсіндіріледі. Бұған дейін сирек болатын Бейруттың орталық аудандарына жасалған соққылар соңғы уақытта жиілеп, бейбіт тұрғындар қауіпсіздігіне және қақтығыстың одан әрі ушығу ықтималдығына алаңдаушылық күшейтіп отыр.

Айта кетейік, осыған дейін БҰҰ Израильдің Ливанға жасаған кейбір соққылары әскери қылмыс болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар