Израиль БҰҰ Бас хатшысын «персона нон грата» деп жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Сыртқы істер министрі Исраэль Кац БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке еврей мемлекетіне кіруге тыйым салды. Сондай-ақ Израиль сыртқы істер министрлігінің басшысы Гутерришті Иранның Израильге жасаған шабуылын айыптамағаны үшін «персона нон грата» деп жариялады, деп хабарлады Израиль СІМ баспасөз қызметі.

– Иранның Израильге жасаған қылмыстық шабуылын айыптай алмайтын кез келген адам Израиль жеріне аяқ басуға лайық емес. Террористерді, зорлаушыларды және қанішерлерді қолдайтын, Израильді жек көретін Бас хатшы Гутерриш Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихындағы дақ ретінде есте қалады, - деп келтіреді Ynet порталы Кацтың сөзін.
Айта кетейік, дүйсенбіде «Хезболла» нысандарына жасалған бірнеше күнгі зымыран мен бомба соққыларынан кейін Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі ауылдардағы топтар мен нысандарға қарсы «шектеулі, локализацияланған және мақсатты жер рейдтерін» өткізуге ниетті екенін айтып, Оңтүстік Ливанға кірді.
Ливан премьер-министрінің міндетін атқарушы Наджиб Микати елінің «тарихтағы ең қауіпті кезеңдердің бірін» бастан кешіріп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін 1 қазан күні кешке Иран Израильге баллистикалық зымырандарын ұшырғанын жазған едік.