Израильде тағы мыңдаған демонстрант сот реформасына қарсылық білдірді

ТЕЛЬ-АВИВ. ҚазАқпарат – Тель-Авивте 2 тамыз күні мыңдаған адам сот реформасына қарсы демонстрацияға шықты. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху үкіметі өткен аптада сот реформасы туралы алғашқы заң жобасын мақұлдағаннан бері наразылық толқыны бәсеңдеген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аrmenpress-ке сілтеме жасап.

Израильде тағы мыңдаған демонстрант сот реформасына қарсылық білдірді
Фото: PublicDomainPictures/Pixabay

Шерушілер сот жүйесін қолдайтындықтарын білдіріп, төменгі сот ғимаратына дейін жүріп өтті. Шеруді Израильдің бұрынғы әділет министрлері мен Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы басқарды.

24 шілдеде Нетаньяху және оның коалициялық серіктестері «дұрыс ойлау туралы заң» деп аталатын реформалар пакетіндегі алғашқы заң жобасын мақұлдады. Ол судьяларға сот негізсіз деп тапқан Үкіметтің шешімдерін жоюға тыйым салады.

Заңға қарсы арыз-талаптар Жоғарғы сотқа жолданды. Оны 15 судьядан тұратын коллегия қыркүйекте қарайды.

Нетаньяху мақұлдағалы отырған келесі заң жобасы судьяларды тағайындау кезінде үкіметтің ықпал етуіне басымдық береді.

Израильде сот реформасына қарсы шерулер 30 аптадан бері жалғасып жатыр. Сыншылардың пікірінше, Нетаньяху өзіне қарсы ықтимал үкімдердің күшін жою үшін сот реформаларын қолдануға тырысып жатыр. Нетаньяху жемқорлыққа қатысты айыпталған болатын. Ал, Нетаньяху үкіметі сот реформалары билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін қажет деп санайды.

Бұған дейін ҚазАқпарат сарапшысы «Бұл реформаның мәні неде? Израиль халқы неліктен бұған қарсы шығып отыр? Билік пен халық неге келісімге келе алмады?» деген сияқты сауалдарға жауап іздеп көрді.