Израильдегі сот реформасы: Қоғамның жікке бөлінуіне не түрткі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дүйсенбі күні Израильде Биньямин Нетаньяху Үкіметі әзірлеген сот реформасына қарсы ірі акция тағы өтті. Дәл сол уақытта Израиль Парламенті Кнессетте бірінші оқылым өтіп, оның барысында тараптардың бірнеше сағатқа созылған жарыссөзі болды. Дауыс беру түн ортасына ауа бір-ақ аяқталды. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі израиль қоғамын шарпыған қарама-қайшылықтың түбінде не жатқанын анықтап көруге тырысты.

Ел екі лагерьге бөлінді

Бүгінде израиль қоғамы екіге жарылып тұр. Бірі сот жүйесінің өзгергенін жақтаса, екіншісі реформаны болдырмауға тырысып бағуда. Ең тарап та өздерінің оппоненттері демократияны қиратуға ұмтылатынына сенімді. Сондықтан да әлеуметтік желілер мен жария кеңістікте қызу пікірталас жүріп жатыр.

Жоспарланған құқықтық реформа оппозициялық партияның, академиялық топтармен Израильдегі және шет елдердегі заңгер мамандығының көптеген өкілі тарапынан қатты сынға ілікті. Ол сондай-ақ Тель-Авивте, Иерусалимде және Израильдің басқа қалаларында орын алған жаппай митингілерге ондаған мың демонстранттар қатысқан наразылық қозғалысының орталығында болды. Қаңтар айының ортасынан бері әр демалыс сайын Министрлер кабинетінің жоспарымен келіспеген израильдіктер реформаға қарсылық танытуда. Олардың пайымынша, бұл реформа елдегі демократияны құрдымға жібереді.

Бәрі неден басталды?

Израильде былтыр қараша айында өткен кезектен тыс Парламент сайлауында «Ликуд» партиясының көшбасшысы Биньямин Нетаньяху бастаған оңшыл партия блогы жеңіске жетті. Олар Израиль Парламенті - Кнессеттегі 120 орының ішінде 64 мандатқа ие болды. Осыдан кейін 2022 жылдың 29 желтоқсанында Израильдің 37-ші Үкіметі ант қабылдады.

Үкімет пен Кнессеттегі екі негізгі лауазым ұзақ уақыттан бері израильдік сот жүйесін сынап келген тұлғаларға бұйырды. Атап айтқанда, Ярив Левин («Ликуд» партиясынан) елдің Әділет министрі, ал Симх Ротман («Діни сионизм» партиясы) Кнессеттің Конституция, заңнама және сот әділдігі комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Сот реформасының түп төркіні қандай?

2023 жылдың 4 қаңтарында Әділет министрі Ярив Левин Израильдің сот төрелігі жүйесін қайта қарауды ұсынып, мұндай түйдектің жоспарланған сериясының біріншісі ретінде «құқықтық реформа» топтамасын жария етті. Талқылауға ұсынылған заңға сәйкес, жаңа сот реформасы Жоғарғы сот судьяларын сайлау процесін парламенттік көпшіліктің бақылауына беруді, сонымен қатар Жоғарғы сотқа Үкімет шешімдерін жоюға мүмкіндік беретін заңнамалық принциптен бас тартуды көздейді.

Әділет министрі Ярив Левин Кнессеттегі заң жобасының бірінші оқылымында. 20 ақпан, 2023 жыл (Yonatan Sindel/Flash90) The Times of Israel

Израильде Конституция да, соған орай Конституциялық сот та жоқ. Сондықтан осы уақытқа дейін Жоғарғы сот Үкіметтің барлық іс-әрекетіне бақылау жасап келген болатын.

Жаңадан енгізілмек өзгерістер Израиль Жоғарғы сотының сот қадағалау және судьяларды тағайындау үшін бекітілген саяси бақылау өкілеттігін бірден шектеуі мүмкін. Ал бұл нені білдіреді? Яғни, Үкімет Жоғарғы соттың өкілеттігін шектеуге және заңнамалық әрі атқарушылық сатылардың шешіміне сот билігінің ықпал ету мүмкіндігін жоюға ниетті. Бұл Жоғарғы сотты іс жүзінде конституциялық емес деп саналған заңдардың қабылдауына тосқауыл қою мүмкіндігінен айырады. Ал заң жобасын сынаушылар Биньямин Нетаньяху онсызда Парламентте басымдыққа ие болып отырған 64 мандаттың көмегімен Жоғарғы сот тыйымынан жалтарып кетеді деп санайды.

Getty Images/ Amir Levy

Сонымен қатар алдағы уақытта негізгі заңдар Жоғарғы сотта талқыланбайды. Израиль Әділет министрі Ярив Левиннің түсіндіруінше, егер қандай да бір заңға түзету енгізу не оны жою қажет болған жағдайда өзге процедура ұсынылады. Оның аясында шешім басым дауыспен емес, ерекше тәртіппен қабылданбақ.

Құқықтық реформаға қарсы батыл сөз сөйлеп жүргендердің бірі – Жоғарғы сот төрағасы Эстер Хают. Ол реформаны сынап, оны «құқықтық жүйеге шабуыл», тәуелсіздік пен сот билігінің әділдігіне «сыни соққы», Израиль мемлекетінің демократиялық бірегейлігін өзгертетін «нашар жоспар» деп сипаттады.

Иерусалимдегі наразылықтар, 2023 жылғы 14 ақпан Twitter https://twitter.com/academic_la

Осындай наразылыққа қарамастан құқықтық реформа топтамасы туралы заңды қабылдау процесі басталып кетті. Кнессеттің Конституция, заңнама және сот әділдігі комитеті заң жобасына қатысты күнделікті талқылау өткізсе, оппозиция өкілдері пікірталасқа бойкот жариялады.

Жемқорлық күдігіне ілінген Биньямин Нетаньяхуға тергеу жүргізілуде

Биньямин Нетаньяху 2017 жылдан бері алаяқтық, жемқорлық және сенімді асыра пайдалануға айыпты деп саналып, тергеуге алынған. Ол өзіне тағылған барлық айыпты теріске шығарып отыр. Бірақ, сот процесі әлі аяқталған жоқ. Егер сот оны жемқорлық қылмысына қатысы бар деп таныса, онда ол ел заңнамасына сәйкес 10 жылға бас бостандығынан айрылылуы мүмкін. Ал айыптың қалған тармақтары бойынша жазаның ең жоғары мерзімі 3 жылға бас бостандығынан айыруды көздейді.

Биньямин Нетантьяху Фото:Reuters

Бүгінде Биньямин Нетантьяхуды сынаушылар арасында сот реформасы – бұл Израиль премьерінің тергеуді аяқтау әдісі деген пікір тараған. Ал оның жақтастары реформа бұл процеске ешқандай әсер ете алмайтындығын мәлімдеп отыр.

Нетантьяху мен оның жақтастарының ұстанымы

Биньямин Нетантьяху және коалицияның өзге де мүшелері реформа жасау қажеттігі пісіп-жетілгенін әрі израильдік демократияны нығайтатынын айтуда. Ел премьері сот реформасын қолдап, оны жүргізуді сайлаушыларына уәде бергенін бірнеше рет атап өтті. Отырыстардың бірінде ол оппоненттерінің «сот жүйесін реформалау Израиль демократиясының түбіне жетеді» деген сөздеріне сын айтты. Саясаткер реформа демократияны құрдымға жібермейді, қайта оны нығайтады деп санайды.

Премьер-министр Беньямин Нетаньяху (сол жақта) және Әділет министрі Ярив Левин (оң жақта) 2023 жылғы 20 ақпанда Иерусалимдегі Кнессетте. (Yonatan Sindel/Flash90) The Times of Israel

Тель-Авив көшелеріндегі израильдіктер үкіметтің 2023 жылдың 20 ақпанында жоспарлаған сот реформасына наразылық білдірді. (Tomer Neuberg/Flash90)

«Шындық мынада, соңғы 20 жылда мемлекеттік жүйе тармақтары арасындғы теңгерім бұзылды. Осынау тармақтар арасындағы теңгерімді қалпына келтіруге тырысу – бұл демократияны қирату емес, керісінше оны нығайту», - деп мәлімдеген еді Биньямин Нетантьяху.

Мыңдаған демонстранттар 20 ақпан, 2023 ж. (Yonatan Sindel/Flash90) The Times of Israel

Оппозициялық депутаттар коалицияның бірінші сот реформасы туралы заң жобасын Кнессетте талқылау кезінде Израиль туын тағып жүр, 20 ақпан, 2023 жыл. (Йонатан Синдел/Флеш90) The Times of Israel


Соңғы жаңалықтар
telegram