Израиль Газа секторына барлық тұрақты әскери бригадаларын кіргізді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль армиясы Газа секторына барлық тұрақты жаяу әскер және танк бригадаларын орналастырды, деп хабарлайды Euronews.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында пехоталық және броньдалған бригадаларының барлығын іске қосқан. Израиль бұл арқылы Газадағы ауқымды шабуылын күшейтіп жатыр.
Бұған дейін Израиль билігі ХАМАС тұтқындар мәселесі бойынша келісімге келіп, қарусызданғанға дейін ЦАХАЛ шабуылды жалғастыратынын мәлімдеген болатын.
Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Израиль әуе шабуылдарынан қаза тапқан 79 адамның мәйіті ауруханаларға жеткізілген. Бұл көрсеткішке солтүстіктегі зардап шеккен аудандардың ауруханалары кірмейді, себебі олар Израиль әскерінің қоршауында қалып, оған кіру немесе шығу мүмкін болмай отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль Газа секторындағы нысандарға 100-ден астам әуе соққысын жасаған болатын.