Израиль Газа секторының гуманитарлық аймағын эвакуациялауға бұйрық берді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскерилері ХАМАС-ты жоюға бағытталған жаңа операция алдында Газа секторының гуманитарлық аймақ деп жарияланған бөліктерін эвакуациялауға бұйрық берді, деп жазады Euronews.

Израиль билігі бұл аймақта қоныстанған және оны еврей мемлекетінің аумағында зымыран ұшыру үшін пайдаланған содырларға қарсы операция бастауды жоспарлап отырғанын айтты.
Осы айдың басында Израиль гуманитарлық аймақта миллионға жуық палестиналық бар екенін мәлімдеді.
БҰҰ мен көмек ұйымдарының мәліметінше, қазір аумақтың көп бөлігін шатырлы лагерьлер алып жатыр, санитарлық-гигиеналық немесе медициналық мекемелер жоқтың қасы және көмекке қолжетімділік шектеулі.
Мысыр, Катар және АҚШ әлі де Израиль мен ХАМАС-ты соғысты тоқтатып, кепілге алынғандарды бостандыққа шығаруға шақырады.
Естеріңізге сала кетейік, 21 шілде күні Израиль ираншыл хусит қозғалысының бақылауындағы Йемен портына шабуыл жасады. Өз кезегінде Йемендік хуситтер Израильдің мұнай қоймасы мен портына жасалған соққыға жауап ретінде Эйлатқа оқ жаудырды.