Израиль Газа секторына шабуыл жасады
Куәгерлер мен жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Израиль Газадағы нысандарға екі зымыран жіберген. Израиль әскері соққының Газаның орталығындағы Магази босқындар лагерінде орналасқан жерасты зымыран зауытына жасалғанын хабарлады. Бұл орын тұрғын үйлермен қоршалған аумақта, БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігі басқаратын қоймадан 180 метр жерде орналасқан.
«Шабуыл ХАМАС-тың қару-жарақ арттыру әрекеттеріне айтарлықтай зиян келтіреді», - делінген Израиль қорғаныс күштерінің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ жойғыш ұшақтар Газа секторының солтүстік бөлігіндегі ХАМАС-тың маңызды әскери базаларының біріне шабуыл жасады.
Жалпы қақтығыстың ушығуына Израиль әскерилерінің Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Дженин лагеріне жасаған рейд кезінде 9 палестиналықтың қаза болуы себеп болған.
Дженин шабуылын палестиналықтар «қырғын» деп сипаттады, онда 20-ға жуық адам оқ жарақатын алды, деп жазды Al Jazeera.
Палестина билігінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында қарт әйел де бар. Дженин мемлекеттік ауруханасының басшысы мұны ауқымы мен құрбандарының саны жағынан бұрын-соңды болмаған басқыншылық деп атады.