Израиль Грета Тунберг және Газаға барар жолда ұсталған басқа белсенділерді депортациялайды
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль билігі гуманитарлық миссияға қатысушыларды депортациялайды, олардың арасында шведтік экологиялық белсенді де бар, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Израиль бір күн бұрын Газа секторына гуманитарлық көмекпен бара жатқан Madleen кемесі бортында халықаралық суларда ұсталған шведтік климат белсендісі Грета Тунберг пен тағы 11 құқық қорғаушыны депортациялауға кірісті. Израиль СІМ хабарлауынша, олардың барлығы Бен-Гурион әуежайына жеткізілді, ол жерден алдағы уақытта елдеріне ұшады.
— «Селфи яхтасының» жолаушылары Израильден кету үшін әуежайға келді. Депортация құжаттарына қол қоюдан бас тартқандар Израиль заңнамасына сәйкес сот билігіне тапсырылады, — делінген Израиль сыртқы саяси ведомствосының ресми мәлімдемесінде.
Кемені дүйсенбі күні Израиль әскери-теңіз күштері Газа секторы жағалауынан батысқа қарай шамамен 185 шақырым жерде ұстап алып, Ашдод портына сүйреп апарды. Рейсті ұйымдастырушылар, Freedom Flotilla коалициясы бортта Франция, Испания, Швеция және АҚШ сияқты бірнеше елден тілшілер, дәрігерлер, құқық қорғаушылар және азаматтық қоғам өкілдері болғанын айтты.
Ұсталғандардың арасында Францияның алты азаматы, оның ішінде екі тілші — Al Jazeera телеарнасынан Омар Файяд пен Blast өкілі Янис Мхамди бар. Осыған байланысты Франция президенті Эмманюэль Макрон оларды тез арада отанға қайтаруға шақырды. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Израильдің әрекетін айыптап, тілшілердің ұсталуын баспасөз бостандығын бұзу деп атады.
Коалициялық БАҚ Madleen бортына израильдік әскерлердің кемеге мінгенін көрсеткен бейнежазбаны жариялады. Белсенділердің бірі басып алу кезінде ешкім зардап шекпегенін айтты. Израильдің Adalah құқық қорғау ұйымы ұсталғандарға құқықтық қолдау көрсетіп, олардың уақытша ұстау абақтысына ауыстырылуын күтіп жатқанын растады.
Түркия СІМ Израильдің әрекетін «жексұрын шабуыл», ал Иран СІМ «теңіз қарақшылығы әрекеті» деп бағалады. Еске сала кетсек, мамыр айында Мальта жағалауында Freedom Flotilla-ның Conscience атты тағы бір кемесі күдікті жағдайда зақымданған болатын. Белсенділер мұны Израильдің ұшқышсыз басқарылатын ұшақтан жасалған шабуылы деп күдіктенеді.
Газадағы гуманитарлық дағдарыс жағдайында миссияға қатысушылар рейстің мақсаты халықаралық қауымдастықтың назарын БҰҰ бағалауы бойынша анклавтың бүкіл халқын ашаршылықтың шегіне жеткізген блокадаға аудару екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Израиль ХАМАС жетекшісі Мохаммед Синвардың көз жұмғанын растағанын жазған болатынбыз.