Израиль ХАМАС-ты толығымен жою жоспарын жариялады
АСТАНА.KAZINFORM — Израиль үкіметінің басшысы Газа секторындағы жаңа әскери әрекетті жақтады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху армияның Газа қаласын ғана емес, орталық лагерьлер мен әл-Маваси аймағындағы ХАМАС бекіністерін де бақылауға алу жоспарын жариялап, операцияның мақсаты ХАМАС-ты толық талқандау екенін баса айтты.
Бұл туралы ол жексенбі күні Иерусалимде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
— Израильдің жұмысты аяқтап, ХАМАС-ты жеңуден басқа амалы жоқ, — деді Нетаньяху.
Израиль премьер-министрі бұл шешімнің әскери кабинет отырысында ХАМАС-тың атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату жөніндегі келіссөздердегі «ымыраға келуден бас тартуына» байланысты қабылданғанын айтты. Нетаньяху бұл аймақтарды бөгеу жеңіске және тұтқындардың қайтарылуына әкелмейтінін, сондықтан шабуыл жасау туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Израиль премьер-министрі әдейі гуманитарлық дағдарыс тудырды деген айыптауларды жоққа шығарып, қақтығыс басталғаннан бері анклавқа 2 миллион тоннаға жуық көмек жіберілгенін айтты. Ол ХАМАС-ты керек-жарақтарды тартып алды және олардың таралуына кедергі жасады деп айыптады. Оның айтуынша, Израиль «қауіпсіз дәліздер» желісін кеңейтіп, көмек тарату пункттерінің санын көбейтуді, сондай-ақ жағдайды көрсету үшін шетелдік журналистерді тартуды көздеп отыр.
— Біздің мақсатымыз Газаны басып алу емес, оны «терроршылардан» азат ету, — деді ол.
Баспасөз мәслихаты барысында Нетаньяху «ХАМАС-тан кейінгі күнді» анықтауы керек деп санайтын бес принципті атап өтті: топты қарусыздандыру, барлық кепілге алынғандарды босату, Газа секторын демилитаризациялау, қауіпсіздікке Израильдің бақылауын орнату және бейбіт, израильдік емес азаматтық әкімшілік құру.
Осы арада гуманитарлық көмек алмақ болған ондаған палестиналықтардың қаза тапқаны хабарланды. Ауруханалар мен куәгерлердің айтуынша, шабуылдар Мораг, Нетзарим, Зиким және Тейна аудандарында болған. Израиль армиясы Газа секторының орталығындағы көмек көрсету орталықтарының маңында оқ атпағанын мәлімдеді.
ХАМАС Нетаньяхудың баспасөз мәслихатына дереу жауап беріп, оның мәлімдемелерін «кезекті өтіріктер сериясы» деп атады.
— Нетаньяху өтірік айтуды, алдауды және жұртшылықты адастыру әдетінен танбай отыр. Баспасөз мәслихатында айтқандарының бәрі өтірік және ол шындыққа бет бұра алмайды, керісінше, ол оны бұрмалайды және жасырады, — деді ХАМАС саяси бюросы басшысының медиа кеңесшісі Тахер әл-Нуну Франс Пресс агенттігіне.
Бұған дейін Израиль министрлер кабинеті Газа қаласын басып алу жоспарын бекіткен болатын.