Израиль «Хезболла» көшбасшыларының ізін қалай аңдыды

АСТАНА. KAZINFORM – Financial Times тергеуінің нәтижесінде Израиль Ливанның «Хезболла» шииттер қозғалысының бас хатшысы Хасан Насралланың көзін жоюға бірнеше рет тырысқаны белгілі болды. 2006 жылғы соғыс кезінде мұндай үш әрекет жасалғанымен израильдіктер табысқа қол жеткізе алмады. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі хабарлайды. 

Как Израиль охотился за лидером «Хезболлы»
Фото: EPA/EFE-MaxPPP/Ваэль Хамзе

Израильдің қазіргі Премьер-Министрінің ізашары Эхуд Ольмерт 2006 жылы «Хезболла» көшбасшысы Хасан Насралланың көзін жоюға санкция берген еді. Алайда, Израильдің Қорғаныс армиясы оны жүзеге асыра алған жоқ.

Үш мәрте жасалған қастандық түрлі себептерге байланысты мақсатына жете алмады. Бірде әуеден соққы уақытылы жасалмады. Соққы жасалған сәтте «Хезболла» көшбасшысы ол жерден кетіп қалған болатын. Ал қалған екі қастандық кезінде снаряд оның жерасты бункерінің бетонын тесіп өте алмады. 

Жұма күні жасалған соңғы қастандық кезінде Хасан Насралла Бейруттың оңтүстігіндегі жерасты штабында командирлерімен жиналыс өткізіп жатқан. Сол сәтте бункерге қарсы қолданылатын қуатты бомба діттеген жерге дәл түсіп, «Хезболла» көшбасшысы мерт болды.

Израильдік БАҚ-тың жазуынша, F-15i ұшағы Насралла болуы мүмкін 4 ғимаратқа әрқайсысының салмағы 2 000 фут болатын 80-нен астам бункерге қарсы авиабомба тастаған.

Қастандық қалай жүзеге асты?

Ливандықтардың көпшілігіне «Хезболла» бас хатшысының қайда тұратындығы жайлы мәліметтердің барынша жасырын екендігі және оны білу мүмкіндігінің жоқтығы жақсы таныс. Мұның да нақты себебі бар. Өйткені, Израиль Насралланың көзін жоюға бірнеше рет талпыныс жасағаны мәлім.

Financial Times жазуынша, израильдк арнаулы қызметтер 2006 жылғы сәтсіздіктерден кейін жұмысын басқаша жасауға көшті. Соңғы 20 жылға жуық уақыт бойы Израильдік алдыңғы қатарлы 8200 радиотехникалық барлау бөлімшесі мен оның «Аман» деп аталатын әскери барлау басқармасы Израильдң солтүстік шекарасында орналасқан «Хезболла» күштерінің картасын жасау үшін өте үлкен көлемдегі деректерді жинаған.

Израиль барлау қызметі «Хезболла» ұйымының тек әскери қанатын ғана емес, бүкіл ұйымын зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтті. Израиль оның саяси амбициялары мен Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусымен ұлғайып келе жатқан байланыстарына, сондай-ақ Насралланың Сирия президенті Башар Асадпен қарым-қатынасына назар аударды.

Как Израиль охотился за лидером «Хезболлы»
Фото: Al-Manar

2011 жылы араб елдеріндегі «Араб көктемі» деп аталған көтеріліс пен наразылық толқыны Сирияға да жетті. «Хезболла» өзінің одақтасы Иран сияқты 2012 жылы Сирия үкіметінің жағына шығып, Асадты қолдады. Сол кезде израильдік барлаушылар уақытты босқа өткізген жоқ және «Хезболла» ұйымының операцияларына кімнің жетекшілік ететіні, кімнің лауазымы көтеріліп жатқаны, кімнің жемқор, кімнің жұмбақ іссапардан оралғаны туралы толық мәліметтер жинап алды.

Сириялық науқан «Хезболла» жауынгерлеріне қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп, топтың қатарын арттыруға жол ашты. Алайда, оның қолбасшылары соғысқа қажетті жауынгерлерді белсенді түрде жинап жатқанда, Израиль олардың арасына тыңшыларын кіргізіп, әлеуетті сатқындар табу мүмкіндігіне ие болды

Сириядағы соғыстың басқа да салдары бар. Бір қарағанда мүлдем зиянсыз болып көрінетін көптеген ақпарат қоғамға паш етілді. «Хезболла» үнемі қолданатын «шәһид плакаттары» түріндегі некрологтар топ туралы ақпарат көздерінің біріне айналды. Олар кішігірім, бірақ Израиль үшін жауынгердің туған қаласы, ол өлтірілген қала және оның өлімі туралы хабарды әлеуметтік желіде жариялаған достары туралы маңызды ақпараттарды қамтыды. Жерлеу рәсімі одан да жария түрде жүрді. Өйткені «Хезболланың» кейбір жетекшілері қысқа уақытқа болса да жасырынған жерлерінен шықты.

Бейрутта тұратын бұрынғы жоғары лауазымды ливандық саясаткер израильдік немесе америкалық барлаушылардың «Хезболла» қатарына кіруі «олардың Асадқа қолдау көрсетуінің» нәтижесінде орын алды деп санайды.

Техникалық басымдық

Уақыт өте келе Израильдің «Хезболлаға» деген назары тек арта түсті өсті. Нәтижесінде тыңшы-спутниктер, күрделі ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен ұялы телефондарды тыңдау құрылғыларына айналдыратын кибертехнологиялар сияқты техникалық артықшылықтар пайда болды. Ливандық тобы туралы ақпараттың көп болғаны соншалық, терабайт деректерді талдау үшін алгоритмдер жазатын «9900 бөлімше» деп аталатын арнаулы топ жасақталды. Олар жол жиегіндегі қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны, туннель үстіндегі саңылауды немесе бункердің бар екенін білдіретін кенеттен пайда болған бетон арматурасын анықтау үшін суреттерді електен өткізді.

«Хезболла» жауынгері анықталған сәттен-ақ оның күнделікті қозғалысы, әйелінің ұялы телефонынан, смарт-көлігінің одометрінен немесе орналасқан жерінен алынған ақпарат ауқымды дерекқор базасына түседі.

Мұндай деректерді жоғарыда ұшатын ұшқышсыз аппарат сияқты әртүрлі дереккөздерден, бейнебақылау камераларына кездейсоқ түсіп қалған бейнеден, тіпті қазіргі теледидардың қашықтан басқару пультінің микрофонында жазылған дауысынан анықтауға болады. Күнделікті қайталанатын мұндай істен кез келген ауытқу израильдік барлаушылардың тексеру жасауына түрткі болады.

Израильдік шенеуніктердің бірінің айтуынша, бір кездері Израиль тіпті шабуылды күткен кезде олардың кенеттен кері шақырылғанын не шақырылмағанын білу үшін жекелеген командирлердің кестелерін де қадағалаған.

Осы жылдар ішінде Израиль барлауы көзін жою үшін нысаналардың үлкен тізімін жасады. Үш күнге созылған әуеден соққы кезінде Израильдің әскери ұшақтары бүкіл Ливандағы кем дегенде 3 000 «хезболлалықтың» көзін жоюға әрекеттенді.

Financial Times нақтылауына қарағанда, соңғы айларда Израиль барлауы уақытының көп бөлігін жер астындағы туннельдер мен бункерлер лабиринтінде өткізген Насралланы жиі байқап қалып отырған.

Газет дереккөзінің айтуынша, 2023 жылдың қазан айында ХАМАС Израильге шабуыл жасап, «Хезболла» тарапынан да оқ жауған кезде израильдік ұшақтар Насралла орналасқан жерді бомбалау туралы бұйрық алып ұшып шыққан. Бірақ Ақ үй операцияны тоқтатуды талап еткеннен кейін ұшақтар базаға қайтарылған.

Нәтижесінде ол 27 қыркүйекте Бейруттің оңтүстік шетіндегі Дахия ауданындағы «қолбасшылық және басқару» жерасты бункерінде болған кезінде өлтірілді. Бункерде «Хезболланың» жоғары лауазымды бірнеше жетекшісі мен Ислам революциясы Сақшылар корпусы операцияларының жоғары лауазымды ирандық қолбасшысы қатысқан кездесу болған.

Француздық Le Parisien газетінің хабарына қарағанда, Насралланың дәл сол жерге келетіндігін Израильге ирандық «сатқын» жеткізген.

Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, Насралланың көзін жою операциясы Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Нью-Йоркте, БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінен кейін жүзеге асты. Оқиғалардан хабардар адам Financial Times басылымына Нетаньяху Насралланы көзін жою операциясы туралы сөз сөйлегенге дейін білгенін айтады.

Соңғы жаңалықтар