Израиль Иранды Оман шығанағындағы мұнай танкерін заңсыз басып алды деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Маршалл аралдары туымен жүзген және 30 мың тонна мұнай-химиялық өнім тасымалдаған Talara танкерін заңсыз басып алу ісінде Иранды айыптап отыр, деп жазды Анадолу агенттігі.

Израиль Иранды айыптады
Фото: Анадолу

X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған хабарламасында Гидеон Саар Иранның «жүкті рұқсатсыз тасымалдау» сылтауымен Оман шығанағында кемені басып алу фактісін ашық мойындағанын жазды.

«Маршалл аралдары туымен жүзіп жүрген танкерді басып алуын ашық мойындаған Иран өз қолдауы бар Йемендегі хуситтер сияқты әрекет етті», деп жазды Израиль министрі.

Министрдің айтуынша, Тегеран тек Таяу Шығысқа ғана емес, әлемдік сауда мен жаһандық бейбітшілікке де айтарлықтай қауіп төндіреді.

Саар Иранды «пиратизацияланған мемлекет» деп атап, ол халықаралық сауда жолдарын терроризациялайды деп мәлімдеді және Иран Ислам революциясы гвардиясын халықаралық деңгейде террористік ұйым деп тануға шақырды.

1 қазанда Израиль Қарулы күштері Таяу Шығысқа гуманитарлық көмек жеткізген Global Sumud халықаралық флотилиясын Жерорта теңізінің халықаралық аумағына шабуыл жасап, кемедегі белсенділерді заңсыз ұстаған еді.

Еске сала кетейік, Индонезияда мұнай танкерінде болған өрттен 10 адам қаза тапты

Оның алдында ірі мұнай танкерлері Ормуз бұғазын айналып өту үшін бағытын өзгертіп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар