Израиль қайтадан Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль үкіметі Газа секторына гуманитарлық көмекті қайта жеткізуге рұқсат беретінін мәлімдеді. Бұл туралы DW хабарлайды.

— Азық-түлікпен негізгі қамтамасыз ету ашаршылықтың алдын алу мақсатында Израиль армиясының ұсынымы бойынша жүзеге асырылады, — делінген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі таратқан мәлімдемеде.
Израиль биыл наурыз айының басынан бері Газа секторына гуманитарлық көмек жіберуге тыйым салған еді. Ел билігінің айтуынша, бұл аймақты бақылауда ұстап отырған ХАМАС радикалды тобы гуманитарлық көмекті заңсыз сатып, қару-жарақ жеткізуді қаржыландырып келген.
Нетаньяху кеңсесінің мәлімдеуінше, гуманитарлық көмек бұрынғы арналары арқылы жеткізіле береді, алайда жаңа бақылау тетіктері әзірленгенге дейін ғана.
Сонымен қатар Израиль тарабы көмектің экстремистік топтардың қолына түспеуін қамтамасыз етуге уәде берді.
Гуманитарлық көмекті жеткізумен БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) мен World Central Kitchen ұйымы айналысады.
Бұған дейін Израиль қорғаныс армиясы Газа секторында жаңа ірі әскери операция бастағаны хабарланған болатын.