Израиль қорғаныс министрі армияға Газа тұрғындарын көшіруге дайындалуды бұйырды
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль қорғаныс ведомствосының басшысы Исраэль Кац ел армиясына Газа секторы тұрғындарын «өз еркімен кетуіне» мүмкіндік беретін жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
- Мәлімдеме президент Трамптың АҚШ-тың палестиналық анклавты алу туралы сөзінен кейін жария етілді, - деп хабарлады министр кеңсесінен.
Кац «Трамптың Газа тұрғындарының басым бөлігіне әлемнің әртүрлі түпкіріне кетуге мүмкіндік беретін батыл жоспарын» қолдап отыр.
- ХАМАС Газа тұрғындарын тірі қалқан ретінде қолданды және тұрғындардың дәл ортасында террорлық инфрақұрылым құрды. Ал енді оларды кепілде ұстап, ақшаларын бопсалап отыр, гуманитарлық көмекті пайдаланады. Оларға Газадан кетуге мүмкіндік бермей отыр, - деді Кац.
Ол әскерилерге кез келген ниет етуші тұрғын өзін қабылдауға келіскен жерге көшуіне мүмкіндік беретін жоспар дайындауды бұйырғанын мәлім етті. Бұл орайда израильдік ведомство басшысы Испания, Ирландия, Норвегия сынды елдерді әлеуетті бағыт ретінде нақты атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдер Израильдің Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы соғысына байланысты «жалған айыптаулар» білдірген. Ол егер бұл елдер палестиналықтарды қабылдаудан бас тартатын болса, онда «олардың екіжүзділігі әшкере болады» деп отыр.
Сонымен қатар Кац «ұйымдастырылған көші-қон бағдарламасы» бар және бұған дейін «Газа тұрғындарын қабылдауға дайын екендігін білдірген» Канаданы да атап өтеді.
Израильдің аса оңшыл саясаткерлері қорғаныс министрлігінің мәлімдемесін құлшыныспен қабылдап отыр.
- Қорғаныс министрін Газа тұрғындарын қабылдаушы елдерге кетуін қамтамасыз ету үшін Израильдің қорғаныс армиясына біздің көші-қон жоспарымызды дайындауды бұйыру шешімімен құттықтаймын, - деді Израиль қаржы министрі Бецалель Смотрич.
Бұған дейін де Смотрич Израильді Газа секторын жаулап алуды және анклавтың 2,2 млн млн тұрғынының жартысын 2 жылдың ішінде көшіп кетуді мәжбірлеуге шақырған еді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Газа секторын иемденуге және оны «Таяу Шығыстың Ривьерасына» айналдыруға дайын екендігін мәлімдеді.
Айта кетейік, Сауд Арабиясы Газадан палестиналықтарды ығыстыру әрекетінен бас тартатындығын мәлімдеді.
Мысыр мен Иордания да палестиналықтарды көшіруге қарсы. Тіпті еуропалық көшбасшылар да Трамптың палестиналықтарды көшіру жоспарын сынға алды.
Бұған дейін оқырман назарына шығыстанушы шығыстанушы Жанат Момынқұловтың Трамптың Газа секторына қатысты мәлімдемесіне орай берген сұхбатын ұсынған едік.