Израиль қосымша 20 мың әскери күшті мобилизациялады

АСТАНА.KAZINFORM — Израиль Иранмен қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты шекараларда әскери күштерін күшейтіп, резервистерді мобилизациялайды. Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) елдің барлық шекараларында әскердің күшін арттыру жөнінде шаралар қабылдағанын мәлімдеді.

Израиль қосымша 20 мың әскери күшті мобилизациялады
Фото: x.com / @idfonline

ЦАХАЛ әскери жағдайды бағалау нәтижесінде елдің барлық шекаралары мен аймақтық басқармаларында құрлық әскери күштерін күшейту және арнайы бөлімдерді мобилизациялау туралы шешім қабылдады. Бұл шаралар елдің түрлі қауіп-қатерлерге қарсы дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Иранмен болған операция аясында Израиль әскері қосымша 20 мың резервисті шақырды, олардың басым бөлігі Әуе күштерінде, әскери барлау, Қорғаныс армиясының қолдау бөлімінде және Әскери-теңіз күштерінде қызмет етеді. Бұған дейін қызметке алынған 50 мың резервисті ескере отырып, бұл күштердің саны арттырылды.

Сонымен қатар, Израильдің Әскери-әуе күштері мен Әскери-теңіз күштері де маңызды күшпен күшейтілген. Жарылыс толқынынан пайда болатын ықтимал зардаптарға жауап ретінде іздестіру-құтқару бөлімшелерінің бірнеше батальондары бүкіл ел бойынша орналастырылды.

Израильдің медициналық қызметтері Иранның зымырандық соққылары нәтижесінде елдің солтүстігінде 50 жас шамасындағы ер адамның жеңіл жарақат алғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, өткен сенбіде Израиль мен АҚШ Иранға соққы берген еді. Бұған жауап ретінде Иран Израильдің солтүстік және орталық бөліктеріне зымырандар атқан болатын.

Айта кетейік, Израиль бүгін Тегеранға «превентивтік соққы» жасады. Бұл туралы Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді.

Осы жағдайға байланысты әуе кеңістігі жабылғаннан кейін ұшақтар Иранды айналып өтуге мәжбүр болды.

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Алматы мен Астанадан ұшып шыққан ұшақтар кері оралатыны белгілі болды.

Иран Израильге қарымта жауап ретінде бірнеше зымыран жіберді.

Соңғы жаңалықтар