Израиль Ливан аумағындағы «Хезболла» нысандарына соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM –  Израиль әскері Ливан аумағындағы «Хезболла» қозғалысының нысандарына соққы берді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды. 

Израиль Ливан аумағындағы «Хезболла» нысандарына әуе соққыларын жасады
Фото: x.com / @ariel_oseran

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) бейсенбі күні Ливанның әртүрлі аймақтарында «Хезболла» қозғалысына тиесілі нысандарға әуеден соққы жасағанын мәлімдеді. Соққыға ұшыраған нысандардың қатарында содырларды даярлау үшін пайдаланылған әскери лагерь, сондай-ақ шииттік қозғалыстың өзге де әскери инфрақұрылым элементтері бар.

Израиль тарапының мәліметінше, аталған лагерь аумағында жауынгерлерді даярлау, оқу-жаттығу атыстары, артиллериялық дайындық жүргізілген, сондай-ақ қару-жарақ сақталған. Әуе соққылары барысында зымыран ұшыру қондырғылары мен ЦАХАЛ террористік инфрақұрылым деп жіктеген нысандар жойылған.

Сонымен қатар Израиль әскері Ливан аумағының тереңіндегі ғимараттарға да соққы берген. ЦАХАЛ дерегіне сәйкес, бұл нысандар соңғы айларда «Хезболла» тарапынан қару сақтауға және жедел қызмет жүргізуге пайдаланылған.

Израиль армиясы өкілдері бұл аймақтарда «Хезболланың» әскери инфрақұрылымының болуы мен белсенділігі Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату туралы келісімдерді бұзады және Израиль қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеді.

— ЦАХАЛ Израиль мемлекетіне төнетін кез келген қатерді жою және «Хезболланың» әскери әлеуетін қайта қалпына келтіруге жол бермеу үшін әрекеттерін жалғастырады, — делінген Израиль армиясының мәлімдемесінде.

Ливандық БАҚ мәліметінше, Израильдің әуе соққылары елдің шығыс және оңтүстік аймақтарына бағытталған.

Ливан парламентінің спикері Набих Берри Израильдің Ливанның оңтүстігі мен Бекаа аңғары аймағына жасаған соққыларына пікір білдіріп, оларды бейсенбі күні Париждегі Елисей сарайында өтеді деп жоспарланған Ливан армиясын қолдауға арналған конференцияға қарсы бағытталған «израильдік белгі» деп атады. Бұл туралы L’Orient Today ливандық газеті хабарлады.

Аталған жиынға Ливан құрлық әскері штабының бастығы Родольф Хайкал мен АҚШ өкілі Морган Ортагус қатысады деп күтіліп отыр.

2024 жылғы қарашада Израиль мен «Хезболла» арасында жасалған бітімге қарамастан, Израиль Ливан аумағына соққы беруді жалғастырып келеді. Сонымен бірге ол Ливанның оңтүстігіндегі өзі «стратегиялық маңызы бар» деп санайтын бес ауданда әскерін сақтап отыр. Соңғы шабуылдардың бірінде, қараша айының соңында, «Хезболланың» штаб бастығы қаза тапқан.

Бұған дейін біз Ливанның бүгінгі күрделі сын-қатерлері мен «Хезболланы» қарусыздандыруға қатысты әрекеттер жайында жазған едік

Соңғы жаңалықтар