Израиль Ливанда шабуыл операциясын бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің солтүстік шекарасындағы шиеленіс Бейрут пен Ливанның оңтүстігіндегі нысандарға ондаған әуе шабуылдарымен ауқымды операцияға ұласты, деп хабарлайды Kazinform-ның Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) елдің солтүстік аудандарына түнде жасалған зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарынан кейін ливандық «Хезболла» қозғалысына қарсы «шабуыл науқанын» бастағанын жариялады. Израиль тарапының мәліметінше, бұл 2024 жылдың қарашасында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғаннан бері Ливан тарапынан жасалған алғашқы шабуыл.
ЦАХАЛ Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Эяль Замирдің мәлімдеуінше, операция бірнеше күнге созылуы мүмкін.
- Біз «Хезболлаға» қарсы шабуыл науқанын бастадық. Біз енді тек қорғаныста әрекет етіп қоймай, шабуылдайтын боламыз. Бірнеше күндік шайқас пен шабуылдар толқынына дайын болу керек, - деп атап өтті ол.
Израиль армиясы атқылауға жауап ретінде Бейрут пен Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» нысандарына ондаған соққы жасады. ЦАХАЛ өкілі Эффи Дефрин ұйымның командалық пункттері, ұшыру қондырғылары және инфрақұрылымына, сондай-ақ жоғары лауазымды командирлерге де соққы жасалғанын хабарлады.
- «Хезболла» атыс ашып, шиеленістің күшею жолын өзі таңдады. Сол үшін үлкен баға төлейді, - деп мәлімдеді ол.
Ол сондай-ақ шабуылдардың нәтижелері анықталып жатқанын және операция жалғасатынын қосып өтті.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац «Хезболланың» бас хатшысы Наим Касем жойылу нысанасына айналып жатқанын мәлімдеді.
- «Хезболла» лаңкестік ұйымы Израильге оқ атқаны үшін үлкен баға төлейді, ал Наим Қасым енді айқын нысанаға айналды, - деп жазды ол әлеуметтік желілерде.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылдарынан кем дегенде 31 адам қаза тауып, 149 адам жарақат алған. Ведомство олардың арасында Хезболланың қанша мүшесі бар екенін немесе қанша бейбіт тұрғын жарақат алғанын нақтылаған жоқ. Бірнеше араб БАҚ-тары Бейрут қаласында «Хезболла» парламенттік блогының жетекшісі Мохаммад Раадтың қазасы туралы хабарлады, алайда Израиль бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Израиль әскерилері сондай-ақ операцияның кеңеюі мүмкін екенін ескертті. Сауд Арабиясының «әл-Хадас» газеті қауіпсіздік органдарындағы дереккөзге сілтеме жасай отырып «Хезболлада ешкім иммунитетке ие емес», ал науқан жердегі кезеңді қоса алғанда «кең және кешенді» болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ливан президенті Джозеф Аун «Хезболланы» тікелей атамастан Израильге жасалған зымыран шабуылын айыптап, Ливан аумағын прокси қақтығыстар үшін пайдалану елге қауіп-қатер төндіретінін және Ливанды аймақтық соғыстан аулақ ұстау күш-жігерді кетіретінін мәлімдеді.
ЦАХАЛ Солтүстік округінің қолбасшылығы Ливанмен шекарада күштердің айтарлықтай күшейтілгенін хабарлап, бұл ретте осы кезеңде елдің солтүстігіндегі израильдік тұрғындарды эвакуациялау жоспары жоқ екенін атап өтті.
Осыған дейін круиздік кемелердегі неміс туристері Парсы шығанағында қалып қойғанын жаздық.