Израиль Ливандағы Литани өзеніндегі көпірді қиратты

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль елдің оңтүстігін орталық бөлігімен байланыстырып тұрған маңызды көпірді жойды. Олар бұл әрекетке «Хезболла» жасақтарына қару-жарақ жеткізуді тоқтату мақсатында барғанын түсіндірді. Ливан билігі мен құқық қорғаушылар Израильді сынға алды, деп хабарлайды DW.

Израильские боевые самолеты нанесли удары на юге Ливана
Фото: Anadolu Ajansı

Израиль әскері жексенбі, 22 наурыз күні Литани өзені үстіндегі, Ливанның оңтүстігін елдің орталық бөлігімен байланыстыратын және аймақтағы маңызды нысандардың бірі саналатын көпірді қиратты. Бұл Израиль мен Ливан арасындағы қақтығыстың жаңа кезеңге ұласқанын көрсетеді.

Сол күні Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Израиль қорғаныс армиясына (ЦАХАЛ) Ливанның оңтүстік шекарасына жақын аумақтағы үйлерді бұзуды жеделдетіп, Литани өзені үстіндегі барлық көпірлерді жою тапсырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл «Хезболла» радикалды шииттік қозғалысына қару жеткізуге жол бермеу үшін қажет.

Ал ЦАХАЛ Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Эяль Замир 22 наурызда «Хезболлаға» қарсы құрлықтағы операция ауқымын кеңейту жоспарланып отырғанын хабарлады.

— «Хезболла» террористік ұйымына қарсы операция енді ғана басталды, — деп келтіреді оның сөзін AFP агенттігі.

Азаматтық инфрақұрылым нысандарының жойылуы Израильдің әскери әрекеттерінің айтарлықтай күшейгенін білдіреді, деп атап өтті Reuters. Ливан президенті Джозеф Аун Израильдің әрекетін айыптады, ал Human Rights Watch ұйымы Ливанның оңтүстігіндегі үйлерді сүруін «әскери қылмыс» деп атады.

Израильдің Ливанда көпірлерді жоюы және үйлерді бұзуы

Reuters агенттігінің мәліметінше, соңғы он күнде Израиль Ливанның оңтүстігіндегі бірнеше көпірді қиратқан. Исраэль Кацтың айтуынша, шекара маңындағы елді мекендердегі үйлерді бұзу Израиль қауымдастықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Ол сондай-ақ Газада осындай тәсіл қолданылып, буферлік аймақ құрылғанын еске салды.

Бұған дейін Израиль БАҚ-тары Ливан тарапынан атылған танкіге қарсы снарядтың салдарынан Мисгав-Ам кибуцінде бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлаған. Сонымен қатар, Ливанның оңтүстігіндегі шайқастарда екі израильдік әскери қызметкер көз жұмды. Ливан тарапының деректеріне сәйкес, Израиль шабуылдары салдарынан елде 1000-нан астам адам қаза тапқан, олардың ішінде шамамен 120 бала, 80 әйел және 40 медицина қызметкері бар. Бұл статистикада әскери және бейбіт тұрғындар жеке көрсетілмеген.

Израиль мен Ливан арасындағы қақтығыстың шиеленісуі

Наурыз айының басында Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленісуі аясында Ливан үкіметі «Хезболла» қозғалысының әскери әрекеттеріне дереу тыйым салған болатын. Ел премьер-министрі Наваф Салам 2 наурыздағы телеүндеуінде топ мүшелерін мемлекетке қаруын тапсыруға шақырды.

Бұл шешім Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысы Израильге қарсы зымыран және дрон шабуылдарын жасап, оны Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің қазасына «кек» ретінде түсіндіргеннен кейін қабылданды. Израиль әскері мәлімдегендей, бір зымыран атып түсірілсе, бірнешеуі ашық аймақтарға құлаған.

Осы шабуылдардан кейін Израиль жауап ретінде соққы жасады. Израиль әуе күштері, атап айтқанда, «Хезболла» бақылауындағы Бейруттың оңтүстік аймақтарына қуатты әуе соққыларын жасады.

Бұдан бұрын Еуроодақ Ливандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жариялағаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар