Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келісім 90% дайын — АҚШ
АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үйдің мәліметінше, Израиль мен ХАМАС террористік ұйымы арасындағы атысты тоқтату туралы келісім іс жүзінде аяқталуға жақын, деп жазады BILD.

BILD Telegram арнасының хабарлауынша, Америка үкіметінің жоғары лауазымды өкілдерінің бірі келісімдердің дайын болғаны туралы хабарлаған.
— Келісімде барлығы 18 тармақ бар, оның 14-і аяқталды, — деді ол.
Оның айтуынша, израильдік кепілге алынғандар мен палестиналық тұтқындарды айырбастау шарттары, сондай-ақ Израиль әскерлерінің Газа секторынан шығарылуына қатысты мәселелер әлі шешілмеген.
Израиль түрмелерінде жазасын өтеп жатқан бірнеше жүз палестиналық тұтқын өткен жылдың 7 қазанындағы басып алу кезінде содырлар кепілге алғандардың орнына босатылады.
— Кепілге алынған әрбір адам үшін белгілі бір палестиналық тұтқын босатылады, — деді Америка үкіметінің өкілі.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы атысты тоқтатуға тағы да шақырды.
— Біз қалған кепілге алынғандарды құтқарудың және палестиналық бейбіт тұрғындардың қайғысын жеңілдетудің ең жақсы жолы келіссөздер арқылы атысты тоқтату екенін білеміз, — деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд.
Оның Қытай, Ұлыбритания, Франция, Жапония және ресейлік әріптестері де осындай мәлімдеме жасады.
Бұған дейін дүйсенбі күні Израильде жаппай ереуіл басталған болатын.
Жүз мыңдаған адам Газа секторындағы палестиналық ХАМАС тобымен атысты тоқтату келісімін талап етті.